Медицина • 03 Шілде, 2025

АҚШ-тың үздік хирургтары Алматыға келді

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2 шілде күні Алматыдағы халықаралық биофармацевтикалық AstraZeneca компаниясының алаңында Қазақстандағы Америка Сауда Палатасының (AmCham) гуманитарлық медициналық миссия жобасы талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

АҚШ-тың үздік хирургтары Алматыға келді

Жоба аясында үздік америкалық хирургтар Даррин Хьюберт, Томас Ли, Жазира Іргебай және Мэрилин Бэйген балалар мен жас пациенттерге тегін жақ-бет реконструкциялық отасын жасайды. АҚШ-тық сала үздіктерімен бірлесе жүзеге асырылған жоба ел азаматтарының толыққанды сау өмір сүруіне таптырмас мүмкіндік болып отыр. 

Хирургтар тобы Алматы қалалық №5 клиникалық ауруханасында емделушілерге тегін кеңес беріп, егжей-тегжей тексеруден өткізіп жатыр. Бүгінге дейін олардың осы қызметіне 50-ден астам адам жүгінген. 

«Біз күн сайын таңертең екі ота жасаймыз, ал түстен кейін оқу лекцияларын өткіземіз.  Өтіп жатқан оталардың барлығы тікелей эфирде аудиторияға көрсетіледі. Ота жасау кезінде қандай әрекет жасап жатқанымызды түсіндіріп отыратындықтан, аудиторияда аудармашы жұмыс істейді. Басты мақсатымыз балаларға сапалы ота жасау әрі жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасу. Практика барысында алған дағдылар оларға болашақта  пайдасын тигізеді деп үміттенеміз», деді АҚШ Chippenham & Johnston-Willis медициналық орталығының пластикалық хирургы және пластикалық хирургия бөлімінің басшысы доктор Даррин Хьюберт.

Маңызды жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Солтүстік Американың қазақстандық мәдени-іскер қауымдастығының (KCBANA) директоры Айнур Роджерс игі бастама ары қарай жалғасатынын атап өтті. 

«Жоба медициналық тәжірибе алмасудың кешенді жүйесін құруға бағытталған. Болашақта біз қазақстандық және америкалық дәрігерлер үшін тағылымдамадан өту бағдарламаларын іске қосуды, резидентураны ұйымдастыруды, Қазақстандағы ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін мамандандырылған көмек ала алатын орталықтар ашуды, сондай-ақ медициналық құрал-жабдықтарды жеткізу, шалғай аймақтар мен табиғи апаттардан зардап шеккен аудандарға көмек жіберу, балалар үйлеріне қолдау көрсету мен қайырымдылық шараларын жүйелі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», деді ол.

Шетелдік хирургтар Алматыда 29 маусым-6 шілде аралығында болып, сапар барысында 10 бала мен жасөспірімнің ауруынан айығуына атсалысады.