Елорда • Бүгін, 10:38

Астанада тағы бір жаңа аудан пайда болуы мүмкін

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұндай қарқынмен таяу арада бас қалаға тағы бір ауданды құруға тура келмек. Бұл туралы қала белсендісі, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл айтты, деп жазады Egemen.kz.

Астанада тағы бір жаңа аудан пайда болуы мүмкін

- Астана тұрғындарының саны жыл сайын шамамен 100 мың адамға көбейіп тұрады. Ал, "Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" заң бойынша аудандық маңызы бар қалаларға қойылатын халық санының төменгі шегі 10 мың адамды құрайды. Басқаша айтқанда, Астанаға жыл сайын осындай онға жуық қала қосылады. Мысалға, 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша астаналықтардың саны 1 млн 558,5 мыңнан асты. Соның ішінде биылғы небары 4 айда елордаға 23 346 адам түпкілікті көшіп келген, – деді Бақытбек Смағұл.

Ажарлы Астана әркімді өзіне магниттей тартады. Мұндай қарқынмен, Б.Смағұлдың бағалауынша, елордалықтардың саны тек биыл тұтас Сарайшық ауданының халқына тең көлемде өсіп шыға келеді. Олай болса, алда Астанада тағы бір жаңа аудан пайда болуы мүмкін.

Оның дерегінше, қазіргі кезде Астана қаласының жалпы ауданы 797,3 мың шаршы шақырым. Бұл Сингапур, Бахрейн, Андорра, Мальта, Мальдив сияқты елдер тұтас сиятын алып аумақ. Немесе бұл территорияға 1 626-дан астам Ватикан сыйып кетеді екен.

- Мұнша үлкен аумақты шып-шырғасын шығармай басқарып, заманға сай дамыту үшін Абай бабамыз өсиет еткендей, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қажет, немесе Ғабит Мүсірепов айтқандай, "тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек". Бір қызықты жайтты білдім, егер жаңа Астана жарияланған алдыңғы 26 жыл ішінде оның 4 ауданы ғана құрылса, ал, Президентіміздің Жарлығымен елорданың тізгінін 2022 жылы Ж.Қасымбек ұстағалы, бас қаланың аудандарының саны 6-ға дейін өсіпті, – деді қоғам қайраткері.