
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында, «Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастыруымен өткен «Таза Қазақстан – Таза Астана» байқауында «Баспа басылымындағы үздік мақала» аталымы бойынша әлеумет және спорт бөлімінің меңгерушісі Жомарт Оспан жеңімпаз болып танылды. Қаламгер бұл құрметке баспа бетінде экологиялық акциясы жарияланғалы бері экологиялық мәдениетті, табиғатты құрметтеуді қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіну, халықты экологиялық проблемаларды шешу жөнінде жазылған материалдар топтамасы үшін ие болды.
Сондай-ақ қалалық коммуникациялар қызметі қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған байқау жеңімпаздары марапатталды. Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуын, қоғамдық өмірін кеңінен насихаттайтын журналистер мен медиасала мамандарын қолдауға бағытталған байқау жыл сайын өтеді. Байқауға газет, телерадио, интернет-портал тілшілерімен қатар, әлеуметтік желі белсенділері де қатысты. Байқауда 7 аталым бойынша үздіктер анықталды. Әлеумет және спорт бөлімінің тілшісі Қуаныш Нұрданбекұлы «Үздік шолушы» аталымында 1-орын иеленді.
Әріптестерімізді толайым табыстарымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да дәстүр мен серттен таймай, бас басылымның жоралы жолын жалғастырып, жемісті еңбек ете беріңіздер деп тілек етеміз.