Аймақтар • Кеше

Депутаттар Түркістан облысының шаруаларымен жүздесті

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев бүгін Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының шалғай елді мекендерінде ашылған жаңа шаруашылық кешендерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттар Түркістан облысының шаруаларымен жүздесті

Депутаттар Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде орналасқан «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-ның банан өсірілетін жылыжай кешенімен танысты. 5,3 гектар аумақты алып жатқан кешенде ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнім жерсіндіріліп, банан өсіру ісі қолға алынған. Мұнда жылына мың тонна өнім өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп жатыр. Кешен директоры Тимур Өтешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд теңгені құрап отыр.

Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің бастамасына қолдау білдіріп, елімізге ғана емес, тұтас ТМД кеңістігіне таңсық банан шаруашылығын табысты жүзеге асырып жатқанына ризашылықтарын жеткізді. Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде отандық аграрлық сала мамандарын жаңа технологияларға үйретуге шақырды.

Мемлекет басшысының отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында берген тапсырмаларына тоқталған Мәжіліс депутаттары ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала ретінде экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс екенін жеткізді.  Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі екенін айта келе, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесіне баса мән берілетінін мәлімдеді.

Мәжіліс

Мәжілістің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сонымен қатар депутаттар Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС-ның балық өсіру жобасымен де танысты. Дәулеталы Абдраманов жетекшілік ететін бұл кәсіпорын шабақ өсіріп, тауарлы балық өндіру ісін жолға қойған. 259 гектар жерде тоғандар салып, аталық-аналық балық түрлерін өсіріп жатқан кәсіпорын жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтып отыр. Жоба құны 750 млн теңгені құрайды және мұнда тұрақты жұмыс орындары ашылған.

Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жастарға қолдау көрсетудің, қабылданған заңдарды халыққа түсіндірудің мәні мен маңызына тоқталды.

«Бұл кездесулердің мақсаты – «AMANAT» фракциясы бастамашы болған заңдардың пайдасын жұртшылыққа түсіндіру. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Атаулы жылға орай, кәсіпорындардың, шаруашылықтардың жұмысымен танысып, болашағынан үміт күттіретін кәсіби мамандарды партиялық қызметке тартуды мақсат етіп отырмыз. Біз өз ісінің білікті маманы саналатын жастарға қолдау көрсетуіміз қажет. Партия берген уәделердің, сайлауалды бағдарламаның орындалуы да ұдайы назарымызда тұр. Қазір жылыжай шаруашылықтары қарқынды дамып жатыр. Оған дәлел – банан өсіретін жылыжай шаруашылығының жұмысы. Елімізде жаңа Су кодексі қабылданды, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін құқықтық механизмдер түзілді. Нәтижесінде еліміз бойынша балық шаруашылығы ілгері қадам басып келеді», деді Қ.Балабиев.