
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев іс-шараға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Палата сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Соның нәтижесінде бес жыл бойы осы бағытта мүдделі тараптармен бірлескен жүйелі бастама іске асырылып келеді. Сенат спикері атап өткендей, кезекті жинақтың жарық көруі – «Талдау мектебі» аясында атқарылған топтық жұмыстың жалғасы және нақты нәтижесі.
«Осы жинақтан кейін «Талдау мектебінің» төртінші легіне қатысушылар өздерін тек түлектер ретінде емес, сонымен қатар шешім қабылдайтын азаматтарға және ел дамуының өзекті мәселелеріне қызығушылық танытатын кең аудиторияға қолжетімді толыққанды сараптамалық басылымның авторлары деп атай алады. Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» – еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, нығайтуға қосқан біздің үлесіміз. Осындай бастамалар арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі құндылықтарын дәріптейміз. Олар – білім, азаматтық өсу, патриотизм және қоғам мүддесіне қызмет етуге дайын болу», деді М.Әшімбаев.
Іс-шара барысында Сенат жанындағы «Талдау мектебі» баршаға қолжетімді ашық білім платформасы екені атап өтілді. Сондықтан кез келген адам жобаның YouTube арнасына жарияланған бейнелер арқылы барлық кезеңдегі дәрістермен таныса алады.
«Біз бүгінгі және бұған дейін жарық көрген барлық материалдар жинағын Парламент депутаттарына, салалық мемлекеттік органдарға, талдау орталықтарына, университеттерге жолдаймыз. Сондай-ақ ашық жариялаймыз. Осы ретте бұл еңбек жоба аясында дайындалған үшінші ұжымдық сараптамалық зерттеу екенін атап өткен жөн. Осылайша, Мектеп тыңдаушылары практикада қолдануға арналған нақты қоғамдық талдауға қатысты. Бүгін таныстырылған зерттеу мемлекеттік институттардың жұмысына, заңнамалық қызметке және сарапшылар қоғамдастығының жобаларына өз пайдасын тигізеді деп сенемін», деп М.Әшімбаев кездесуге қатысушыларға жобаға қолдау білдіргендері үшін алғыс айтты.
«Талдау мектебінің» төртінші легінде 14 команда жасақталды. Олар білім беру ісіндегі инклюзия, гендерлік теңгерім, жасыл энергетиканы дамыту, еңбек көші-қон мәселелері, өңдеуші өнеркәсіпті өркендету, заң шығару қызметінде жасанды интеллектіні қолдану және Орталық Азиядағы орнықты даму сияқты негізгі 7 бағыт бойынша жұмыс істеді.
Елдің орнықты даму мәселелерін талқылау кезінде сарапшылар инклюзивті білім беру ісінде цифрлық шешімдерді және Қазақстанның экономикалық өсу факторы ретінде әйелдердің әлеуетін жүзеге асырудың түрлі жолдары мен форматтарын ұсынатын бірлескен жобалар әзірлеу жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ энергетика, өңдеу өнеркәсібі, медицина, цифрландыру, климаттық күн тәртібімен бірге негізгі салаларды да дамытуға қатысты болжамдар ұсынылды.
Жинақты таныстыру рәсімінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев, экономист, DESHT талдау орталығының басшысы Қуаныш Жайықов және тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын жеткізді.