Мәселе • Бүгін, 08:45

«Былқылдақ» Ертісті бүлдірмесе игі...

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Былқылдақ» көлінде жиналған сынаптың Ертіс өзенінің суы­мен араласып кету ықтималдылығы туралы мамандар талай мәрте ескерткен. Соған орай аумақ өңірдегі экологиялық өзекті мәселенің біріне айналып тұр.

«Былқылдақ» Ертісті бүлдірмесе игі...

Еліміз бойынша сынаппен ластанған ең ірі аумақ Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіп аймағында орналасқанын екінің бірі біле бермейді. Аумақ­тағы топырақ қабаты мен «Был­қыл­дақ» көлінде жылдар бойы шамамен 900 тоннадай сынап жи­налған. Кейінгі 20 жылда мұнда кешенді жұмыс қолға алы­нып, «Жер қабатындағы қа­бырға» жобасы жалғасып жатыр.

Түсініктірек болуы үшін айта кетелік, «Химпром» деп аталған павлодарлық зауыт 1975–1993 жылдар аралығында жұмыс істе­ген. Сынапты пайдалана отырып каустикалық сода мен хлор шығарған қауіпті өндірісте 82 электролизер болған. 28 жыл ішінде кәсіпорыннан топырақ қабатына шамамен 1 350 тонна сынап түскен деп шамаланады. Бірақ бұл нақты сан емес. Зиянды зауыт жабылған соң онда құрамында сынап бар қалдықтар мен топырақ полигондары, электролиздер мен өндіріс суын жинайтын суқоймалары анықталды. Сол уақытта мемлекет билігінің ал­дында халық денсаулығын қор­ғау және өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселе­ле­рі тұрды. Қоғам тарапынан бұған байланысты наразылық та күшейіп, жылдар бойы жиі талқыланған тақырыпқа айналды. «Былқылдақ» көлі сол зиян­ды қал­дықтардың ордасына ай­налған.

пр

«Былқылдақ» көлі мен оның айналасындағы бүгінгі эколо­гия­лық ахуал қандай? Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, сынаппен ластану проблемасын шешу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Павлодар облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының бірі. Кейінгі 20 жыл ішінде аталған аумақта жүйелі жұмыс ұйым­дастырыл­ған. Ластану ошақ­тарына мониторинг (атмос­фера­лық ауа­ның, жерүсті және жер­асты сулары­ның, топы­рақтың және т.б. жағда­йын бақылау), бұр­ғылау, қосымша бақылау ұң­ғы­маларын орнату жүргізіліп келеді.

– 2016 жылы отандық, ха­лық­­аралық сарапшыларды тарта отырып, Павлодар қала­сы­ның Солтүстік өнер­кәсіптік айма­ғының демеркуризация және сынаппен ластану объек­тілерін оңалту жөніндегі тұжы­­рымдама әзірленді. Тұжы­рым­дама қысқа, орта, ұзақ­мер­­зімді міндеттерді кезең-ке­зеңімен шешуді ұсынады, бұл бірқатар ұйымдастырушылық, техникалық шараларды көз­дейді. Ауыр металды тежеу – басты мақсат. Одан соң 2017 жылы сынап мониторингі бағ­дар­ламасы түзетіліп, атмос­фералық ауаның, топырақ­тың, жерасты, жерүсті суларының, қар жамылғысының жай-күйін бақылау, балықтар әлемі мен суда жүзетін құстардың био­ло­гиялық үлгілерін, «Каустик» АҚ-да жұмыс істейтін адам­дар­дың шаш үлгілерін талдау енгі­зілді, – дейді вице-министр.

Аумақта 2019 жылы жер­асты суын іріктеу үшін қосымша 41 бақылау ұңғымасы бұрғылан­са, 2021 жылы су жинақтағышқа түсетін атмосфералық жауын-шашын­ды бұру үшін дренаж­дық арық орнату бойынша жұмыстар жүргізілген.

2022 жылы сынаппен лас­танған учаскелерді картаға түсі­ру жұмысы аяқталды, сынап­­­­­­пен ластану дерекқоры әзірленді. Бұдан бөлек, биыл 2026–2030 жыл­дарға арналған сынап мо­ни­торингі бағдарламасы­на тү­зету жүргізілетін болады. Мо­ни­торингті биыл аккредиттел­ген сынақ орталығы – «Gio Trade» ЖШС жүргізіп жатыр. Компания мәліметінше, мамандар 75 атмосфералық ауа, 24 то­пырақ, 16 жерүсті сулары, 10 қар жамылғысы, 509 жерасты сулары сынамаларын, құстар мен балық әлемін зерттеуді, 9 шаш сы­намасын алуды жоспарла­ған. Сондай-ақ 15 бақылау ұңғыма­сын қалпына келтіру көзделген.

Бұл жердегі негізгі қауіп көзі – «Былқылдақ» көлі (су жинақ­тағышы). Ол 1973 жылы «Был­қылдақ», «Шөптікөл» көл­де­рі­нің орнында сарқынды суларды жи­нақтау мақсатында құрылған. Аумағы шамамен 2,1 гектардан асатын су жинақтағыш бұрынғы химиялық зауыттың орнына жайғасқан «Каустик» АҚ-ға 2030 жылға дейін жалға берілген.

Ресми деректерге сүйенсек, өнеркәсіптік аймақта бұрынғы №6 сорғыдан көлге дейінгі автожолдың батыс жағынан «Жер қабатындағы қабырға» – сүзгіге қарсы пердесінің құры­лысы аяқталған. Бұл сынап қал­дықтары жиналған арнайы орындардағы улы элементтер Ертіс өзені мен жақын маңдағы ауылдарға жетпеуі үшін тұр­ғызылған. Жер астындағы қабырғаның тереңдігі 8-15 метрді құрайды. Сынапты тұмшалап қоюға арналған қабат түзу үшін әуелі ұзын орлар қа­зыл­ған. Одан соң шұңқырларға сазды балшық пен тиксотропты сұйықтық төгілген. Нәтижесінде, жер астында ұзындығы 2,4 км химиялық улы зат өтпейтін қор­ғаныс пайда болған.

– Солтүстік өнеркәсіп айма­ғының демеркуризация және сынаппен ластану объек­ті­лерін оңалту жөніндегі тұ­жы­рымдамасын әзірлеу кезін­де, әрі бұрын жүргізілген зерттеулердің негізінде көл түбіндегі сынаптың көлемі шамамен 13,2 тонна деп бағаланды. Бірақ сынаптың ­жер­­асты суларына араласуы ық­­­ти­мал­дылығын анықтай­тын қо­­сымша зерттеулер қажет. «Жер­ қабатындағы қабырғаның» тиім­­­ділігін бақылау үшін 25 ба­қы­­лау ұңғымасы бұрғылан­ды. Олар арқылы тұрақты мони­то­ринг жүргізіліп келеді. Сы­наптың Ертіс өзеніне жету қау­пі байқалмайды. 2022 жылдан бастап өзеннің жоғары арнасы – Абай облысымен шекарада, төменгі бөлігі – Ресей Фе­дерациясымен шека­ра­дағы аумақтарда мониторинг жүр­гізіледі. Кейінгі 3 жыл­дағы сына­­малар сынап­тың болуын анық­­­таған жоқ. Бұл транс­ше­­ка­ра­лық сипат­тағы қауіп­тің жоқ­­тығын көр­се­теді. Өзен суының сапасы өңірде 9 арнайы бекетте тексеріледі. «Қазгидромет» РМК Павлодар филиалы тұрақты гидрохимиялық мониторинг­терін жалғастырып жатыр. Мә­селен, биылғы алғашқы бес айдың қорытындысында еліміздегі ең ұзын су артериясындағы сынап­тың мөлшері 0,00001 мг/дм3-ді құрады. Бұл барлық қауіпсіздік нормативтеріне сай келеді, –дейді Ж.Әлиев.

«Каустик» АҚ сарапшы­ла­рының ақпарынша, бұрынғы химиялық зауыттың аумағында жалпы көлемі 900 тонна сынап қалдықтары бар. Олардың басым бөлігі өндірістік қалдық­тарға арналған арнайы полигон ошақтарында көмілген. Өкінішке қарай, ондағы сынап­тың жерасты суларымен араласу мүмкіндігін зерттеуге ден қойылмай отыр.

«Былқылдақ» көлінің, оның ай­наласындағы аумақтың мәсе­­­ле­сімен Павлодар облы­сы­ның құзыретті басқармалары шұ­ғылданады. Өңір басшылығы жыл сайынғы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Ертіс өзеніне сынап қалдықтарының түспеуін қамтамасыз ететін жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Көл маңайын­дағы 4 бақылау нүкте­сінде топырақ сынамалары алынып, барлығында рұқсат етілген шекті концентрацияның артуы байқалмаған. Яғни ең көбі 0,18 мг/кгд-ы көрсеткен. Қолданыстағы норматив – 2,1 мг/кг.

 

Павлодар облысы