
Фото: Ашық дереккөз
Министр бұл шешімді Батыс Қазақстан облысындағы фермерлермен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам ғылыми деректер мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып қабылданған.
«Ғылыми қорытындыларға, фермерлердің ұсыныстарына және әлемде жекелеген жануар түрлерінің санын реттеу тәжірибесіне сүйене отырып, киік популяциясын реттеу туралы шешім қабылданды», деді Ерлан Нысанбаев.
Бұған дейін Қазақстан киік популяциясын қалпына келтіруге көп күш пен қаражат жұмсаған-ды. Бүгінде осы жануарлардың ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, тіпті адамға қауіп төндіре бастады деген пікірлер айтылып жүр.
Киік 1996 жылы Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізіміне енген. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмегенімен, оны аулауға тыйым салынған. Сондықтан киікті заңсыз ату Қызыл кітапқа енген жануарларды атқанмен тең.
Е.Нысанбаевтың айтуынша, ғалымдар киік популяциясының 20 пайызын реттеуді ұсынған.
Экология министрінің мәліметінше, Қазақстанда шамамен 3,9 миллион киік бар. Соның ішінде шамамен 800 мыңға жуық бас аулануы мүмкін. Министр сондай-ақ, мұндай көлемді жүзеге асыру үшін ет комбинаттарының көмегі қажет болатынын айтты.