Қазіргі таңда елімізде 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның ішінде 10 зерттеу университеті, 23 шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары бар. 2024-2025 оқу жылында ЖОО-ларда 680 мыңнан астам студент білім алады. Оның ішінде 624 500 адам – бакалавриатта, 39 200 – магистратурада, 7 600 – докторантурада және 8 900 – резидентурада оқып жатыр.
Биыл еліміздегі шетелдік студенттер саны 31,5 мыңға жетті. Алғаш рет Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД елдерінен келген студенттер санынан асып түстті. Азия елдерінен – 17 456 адам, ал ТМД елдерінен – 12 816 адам.
2024 жылы еліміздегі жоғары оқу орындарын 177 586 түлек аяқтады. Оның ішінде 149 160-ы бакалавриат, 26 093-і магистратура мен резидентура, ал 2 333-і докторантура бойынша диплом алды. Түлектердің басым бөлігі педагогика, бизнес, құқық, инженерлік ғылымдар, ақпараттық технологиялар және медицина салаларында маманданды. Мәселен, педагогикалық бағытта – 48 428, бизнес және құқық саласында – 24 666, инженерлік ғылымдарда – 24 320, ІТ саласында – 13 393, денсаулық сақтау саласында – 10 300 және ауыл шаруашылығы бойынша – 1 776 түлек бітірген.
Кейінгі 5 жылда мемлекет тарапынан бөлінетін білім гранттарының саны 1,4 есеге артты. 2024-2025 оқу жылына барлығы 93 116 грант бөлінді: оның 77 084-і бакалавриатқа, 13 113-і магистратураға, 2 919-ы докторантураға арналған. Сонымен қатар, биыл 1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендия мөлшері де ұлғаяды. Енді бакалавриат студенттері ай сайын 52 372 теңге, магистранттар 117 098 теңге, ал докторанттар 262 500 теңге көлемінде шәкіртақы алады. Бұл көрсеткіштер 2020 жылмен салыстырғанда бакалавриатта 2 есе, магистратура мен докторантурада 1,75 есе өскен.
Жатақхана инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2019 жылы елімізде 82 500 орын тапшылығы тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14 873 орынға дейін азайды. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге жатақханадан орын беру қызметі автоматты, яғни проактивті форматта ұсынылады.
Алдағы жылы елімізде 217 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 183 мың түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мың адамға көп. Осы мәліметтердің өзі еліміздегі жоғары білім саласының ауқымы кеңейіп, қолжетімділігі артып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға бағыт алып келе жатқанын көрсетеді.