
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, өткен сессияда фракция мүшелері 62 заңға бастамашылық етті. VIII шақырылымда заң жобаларына барлығы 5300-ден астам өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Мәжілістің жалпы отырыстарында 626 депутаттық сауал жолданды. Бұдан бөлек, бюджетті әрбір бекіту кезінде депутаттар өңірлерде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 1,5 триллион теңгеге дейін түзетулер енгізілуіне қол жеткізді. Осылайша, нақты сайлауалды уәделер қаржымен қамтамасыз етілуде.
«AMANAT» партиясы Әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларды жүйелі жүзеге асыруда. Осы үшін біз Мемлекет басшысының бастамаларына заңнамалық қолдау көрсетіп келеміз. Оның барлығы экономика өсімін қамтамасыз етуге және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Жалпы, Мәжілісте қабылданған әрбір заң «AMANAT» фракциясы депутаттарының белсенді атсалысуымен әзірленді деуге болады», – деді ол.
Мәжіліс Спикері депутаттар заң шығару жұмысы барысында мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауына, оның ішінде ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалау, тұрғын үй қатынасын жетілдіруге баса назар аударғанын атап өтті. Бұған қоса, жаңадан Бюджет, Су және Салық кодекстері қабылданды.
Ерлан Қошанов азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған партиялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, «Жер аманаты» комиссиясы 12,5 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Қарыз қамытын киген 500 мыңнан астам адамға «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында көмек көрсетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бұл жоба жалпыұлттық сипатқа ие болды. 2000-ға жуық әкім «Әкімдер мектебі» арнайы жобасы аясында оқудан өтті. Партияның осы және өзге де бастамалары қоғамда кең қолдау тапты. Партия Төрағасы атап өткендей, депутаттар мұның бәрін азаматтарға белсенді түрде түсіндіруге тиіс.
Өз кезегінде, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев былтыр партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жол картасы пункттерінің үштен екісі орындалғанын атап өтті. Мәселен, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 20%-ға өсті, медианалық табыстан кедейлік шегін анықтау үшін жаңа есептеу жүйесі енгізілді, Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдікпен берілетін ипотеканың арнайы бағдарламасы іске қосылды, Батыс Қазақстан облысындағы 70 шалғай елді мекенге интернет тартылды және т.б.
Мәжіліс Спикері фракция депутаттарына шекара маңындағы аудандарды, саяжай кооперативтерін дамыту мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Олар келесі сессияда Мәжіліске енгізіледі.
Сонымен қатар ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға, ауылдық жерлердегі білім беру, денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуға және инклюзивті ортаны қамтамасыз етуге бағытталған «Baquatty audan» пилоттық жобасының тәжірибесін бірқатар ауданда тарату жоспарлануда. Сондай-ақ депутаттар жастар жұмыссыздығы мәселесін шешу бойынша жеке жоба әзірлеуге ниетті. Бұл – әсіресе Жұмысшы мамандықтары жылы өте өзекті.
Жиын соңында Мәжіліс Спикері өңірлерге алдағы сапар кезінде депутаттарға жүктелетін бірқатар міндетті айқындады. Сапар барысында депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездеседі. Сондай-ақ азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізеді. Шалғайдағы елді мекендерге ерекше назар аударылады. Халық қалаулылары жаңадан қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және олардың жергілікті жерде тұрғындар сұранысына қаншалықты жауап беретінін зерттейді. Сондай-ақ депутаттар жаңадан қабылданған заңдар туралы айтып, азаматтар көтерген маңызды мәселелермен танысады. Болашақта депутаттар сапар барысында жиналған барлық ақпаратты заң шығару жұмысы кезінде пайдаланады.