Аймақтар • Бүгін, 09:45

Жаңалықтағы жаңа білім ошағы

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында 900 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үш қабатты, заманауи білім ошағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы мен «Amanat» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында салынды. Жаңа мектеп үш ауысым мәселесін шешумен қатар, 100-ге жуық мұғалімге тұрақты жұмыс орнын ұсынады.

Жаңалықтағы жаңа білім ошағы

Мектептің ішкі инфрақұрылымы қазіргі заман талаптарына сай жаб­дықталған. Білім ордасында пәндік кабинеттермен қатар STEM және роботтехника сыныптары, инклюзивті білім беру орталығы, кітапхана, шеберхана, спорт және акт залы, кең асхана мен мәжіліс залы қарастырылған.

Еңселі білім ордасының ашылу салтанатында Алматы облысының әкі­мі­­нің орынбасары Болат Күреңбеков тұр­ғындарды қуаныштарымен құттықтап, бұл нысанның өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселенің шешіміне айналғанын айтты.

«Бұл білім ордасы – Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген алғашқы заманауи мектептердің бірі. Мемлекет басшысының «Біз Қазақстандағы барлық баланың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек» деген сөзі бүгінгі істің мән-маңызын аша түседі», деді ол.

Бүгінде халық саны 15 мыңнан асатын Жаңалық ауылында 5 шағын аудан бар. Осы ауылдар бойынша 2 мыңға жуық бала №37 орта мектепте үш ­ауысыммен білім алып келген. Олар­дың жартысына жуығы жаңа құрылыстан ­тасымалданып оқытылатын. Енді заманауи жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеніне балалармен қатар, ата-аналар да шат-шадыман болып отыр.

л

«Ауылымызда көпбалалы отбасылар өте көп. Осыған дейін үш ауысымда тасымалмен оқып келді. Балаларымыз сабақ­қа барып келгенше алаңдап отыра­мыз. Жаңа мектептің ашылуын асыға күт­тік. Барлық стандартқа сай салынға­ны­на, ең бастысы балаларымыздың білім алуына қызығушылығын арттыратын материалдық базамен жабдықталғаны­на қатты қуанып отырмыз. Менің 5 ба­лам бар, 4-уі мектепте, үздік оқиды», дейді көпбалалы ана Шолпан Үмбетбаева.

Өткен жылы өңірде 9 жаңа мектеп қолданысқа берілсе, биыл тағы 17 ны­санның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта мемлекет-жекеменшік әріп­тестік тетіктері қолданылып, жеке инвестициялар да тартылып отыр.

Нәтижелерге қол жеткізуде жер­гілікті атқарушы органдармен қа­тар, партиялық бақылау мен саяси қол­дау­дың да маңызы зор. «Amanat» партиясы өңірлердегі инфрақұрылымдық бастамалардың жүзеге асуына тікелей араласып келеді.

«Екі жыл бұрын мектеп тапшылы­ғы мәселесін шешеміз деп уәде бер­дік. Сол кезде облыста үш ауысымды 52 мектеп болған. Қазір бұл сан 30-ға дейін қысқарды. Жаңалықтағы мектеп – жол картасында көзделген 63 мек­тептің қатарындағы нақты жүзеге асқан жоба. Құрылыс басталған күннен бас­тап партиялық бақылауда болды. Уәде берген соң, сол үдерістің ішінде болу – біздің міндет», деді «Amanat» партия­сы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.

 

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар