Құқық • Бүгін, 09:30

Студенттердің де қорғаушысы бар

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар орталығында «Студент­тердің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етудегі студенттік омбудсмендердің рөлі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Тоқтар Болысов, Республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Наукен қатысты.

Студенттердің де қорғаушысы бар

Қазіргі таңда еліміздің 122 жо­ғары оқу орнында 680 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Осы санның артында әр­қай­сы­сы­ның жеке мәселесі мен құқы­ғы бар. Бұл тұрғыда білім алушы жастардың академиялық еркіндігі мен әлеуметтік әл-ауқаты үшін жауап беретін омбудсмендер инс­ти­туты маңызды рөл атқарып ке­леді. Министрлік өкілі Ақерке Абы­лай­ханның айтуынша, сту­дент­тік омбудсмендер институ­ты еліміздің барлық өңірінде екі жылдан бері жұмыс істейді. «Бүгінгі таң­да өркениетті елдің азаматы ретінде білім алушы жастар тек білім емес, жоғары рухани құн­ды­­лық­тарға да ие болуы қажет. Министр­лік бұл бағытта «Толық адам» идеологиясын алға тарта оты­рып, тәрбиелік жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп отыр. Ака­де­миялық адалдықты сақтау – білім беру­дегі негізгі қағидалардың бірі. Осы мақсатта 18 жоғары оқу ор­ны мүше болған Академия­лық адал­дық лигасы құрылды», деді ол.

Оның ай­туынша, студент­тер­дің акаде­мия­лық және әлеу­мет­тік мәселе­ле­рін шешу үшін психологиялық ­кө­­мек орта­лық­тарын ұйымдастыру, ком­плаенс-қызметтерді жеті­лдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стандарттарды енгізу сияқты шаралар қабылданып ­жатыр. Жастар арасында волон­терлік пен өзін-өзі басқару жүйесі де дамып келеді. Мәселен, бүгінде жоғары оқу орындарында 100-ден астам дебат клубы, 120-дан астам экология­лық және шығар­машылық клуб­ жұмыс істейді.

Министрдің кеңесшісі Тоқтар Болысов 2024–2025 оқу жылын­дағы студенттік омбудсмендер қызметінің нәтижесін баяндады. «Биыл студенттік омбудсмендерге 6 079 өтініш түсті. Олар­дың басым бөлігі академиялық әділетсіздік, жатақхана, әлеуметтік-тұрмыстық мәселесіне қатысты болды. 1 жыл ішінде омбудсмендер тарапынан 100-ден астам жоспарлы және 20-дан астам жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Бұл жұмыс оқу мен тұрмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді», деді ол.

Брифинг барысында Тоқтар Болысов студенттердің пікірлері­не арналған жаңа бақылау форматын да атап өтті. Оның айтуынша, Шымкент қаласында «2GIS» платформасы мен әлеуметтік желілердегі студенттердің пікір­лері сараланып, кейбір университеттерде жүйелі кемшілік­тер анықталған. Мәліметтер оқу орындарына жолданды. Енді шілде-тамыз айларында қайта мониторинг жүргізіледі. Осы ретте ақпараттық-ағартушы­лық жұмыстар да назардан тыс қалмаған. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін дәрістер, кеңес беру кездесуі және әлеуметтік желіде жарияланымдар ұйымдастырылған. Сонымен қатар «Студенттік омбудсмендер мектебі» аясында адам құқық­тары, коммуникация, қақтығыстарды шешу және университет әкімші­лігімен өзара әрекеттесу бойынша тренингтер өткізілген.

Республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Наукен жас­тар­­дың құқықтық мәдениетін қа­лып­тастыру мен ашық диалогті дамытуда министрлік пен Қазақ­стан студенттерінің альянсы ара­сындағы серіктестіктің маңыз­ды­лығына тоқталды. «Біз – студент пен университет арасындағы ­ашық әрі сенімді диалогтің құра­лына айналдық. Омбудсмендер қазір­гі таңда студенттердің мәселеле­рін университет әкімшілігі мен басқа да тиісті органдарға жет­кізе отырып, олардың құқықта­рын қорғауға ықпал етіп келеді», деді Ұ.Наукен. Оның айтуынша, жыл басынан бері студенттік омбудсмендердің бастамасымен 200-ден астам қоғамдық шара, құқықтық кездесулер, спорттық және шығармашылық байқау­лар, экологиялық акциялар, дебат турнирлері, өткізілген. Сондай-ақ студенттік өзін-өзі басқару жү­йесін нығайтуға бағыттал­ған «Studunion» жобасы арқылы елі­міздің жоғары оқу орындарында студенттердің өкілдік институттары дамып, жастардың басқару үдерісіне араласуына мүмкіндік берілген.

Брифинг қорытындысын­да спикерлер студенттік омбудс­мендер институтын әрі қарай дамыту үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық тетіктерді күшейту қажет екенін атап өтті.