
Суретті түсірген – Дәурен Ермекбай
Биыл да жібін үзбей жалғасқан қымызмұрындық – кереге таулы Кеген ауданының брендіне айналғаны ақиқат. Таңдайға татымды қымыздың алуан түрінен шөл қандырып, өңірдің саф ауасын жұтуға арысы Атырау мен Алтайдан бастап, еліміздің әр өңірінен 10 мыңға тарта халық жиылса, 10 мемлекеттен арнайы делегация өкілдері келді. Ұлтымыздың ұлы құндылықтары салтанат құрған мәдени-танымдық мәні зор шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айрықша қолдау білдіріп келеді.
«Қымызмұрындық – халқымыздың тұрмыс-салты мен рухани мәдениетінен сыр шертетін ұлы мұра. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар, оны заман талабына сай жаңғыртып, барынша насихаттауымыз керек», деген болатын. Бүгінгі іс-шараға шет мемлекеттердің өкілдері, еліміздің айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, халқымызға белгілі әдебиет және мәдениет майталмандары, республикалық қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестік мүшелері қатысып отыр. Осының өзі қазақ халқы мен оның ұлттық мәдениетіне деген құрметті көрсетеді.
Қымызмұрындық – елімізді танытатын, рухани құндылығымызды жаңғыртатын мазмұнды бастама. Қымыз дайындау – тек шеберлік емес, өмір пәлсапасы. Бие байлап, қымыз ашытып, оны қонаққа ұсыну – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі. Біз бүгін – баба аманатын орындау мақсатында заманауи технологияларды пайдаланып, қымыз өндірісінің көлемін арттырып, оны сақтау, тасымалдау және сауда желілеріне жеткізу жолында еңбек етудеміз. Соның нәтижесінде халықтың ұлттық өнімге деген сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Қымыз өндірісі жылқы шаруашылығымен тікелей байланысты. Бүгінде облысымызда жылқы саны 268 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсіп отыр», деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым жиылған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады.
Салтанатты іс-шарада Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан қымызмұрындық – хан жайлау атанған Қарқараға ғана емес, елімізге, алыс-жақын шетелге мәлім ұлы жәрмеңкеге айналып келе жатқанын атады.
Ал Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов: «Қымызмұрындық – көптен ұмыт болған ұлттық іс-шара. Осы арқылы – ұлттық құндылықтарымызды, артықшылықтарымызды, даналығымызды, жырымызды, басқа да мәдени мұраларымызды жаңғырта беруіміз керек. Бұл тек Алматы облысында ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде тойлануға тиіс. Сонда халқымыздың рухани мәдениетіне тың серпін береді», деді.
Аспанасты сахнада ұлы көш сап түзесе, Қазақстанның халық әртістері Алтынбек Қоразбаев, Рамазан Стамғазиев бастаған эстрада жұлдыздары әуелете ән шырқап, халықтың құлақ құрышын қандырды.
Атқа мінсе арқаланып кететін бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы да қалыспай қыз қуу, теңге ілу сынды ұлттық ойындарды паш етті. Толағайлар зілтас, қошқар көтеріп, арба сүйреп, арқан тартысып, белдесіп, білек күшін сынасып, ұлттық спорттың алуан түрінен бақ сынасты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар алды.
Атадан мирас болған қолөнер көрмелерінде ауылдық округтерден келген ақсамайлы аталар мен аналар ұлттық тағамдар әзірлеумен қатар, сырмақ сыру, жүн түту, ұршық иіру, қамшы өру, ат әбзелдерін жасау сынды шеберліктерін көрсетті. Бұл күні ауылшаруашылық көрмесі де өз дәрежесінде ұйымдастырылды.
Дала төсін дүбірлеткен қымызмұрындықты қоғам қайраткері Жолан Омаровтың құрметіне өткен «Жолан жүйрігі» атты ат бәйгесі түйіндеді. Жал-құйрығы сүзілген сәйгүліктер жарысына жүзден аса ат қатысып, аламан мен топ бәйгеде топ жарған тұлпар иелері автокөлік кілттерін иемденсе, құнан бәйге жеңімпазы 2 млн теңгені қанжығасына байлады.
Алматы облысы