Университет • Бүгін, 16:55

Абай университеті диплом табыстау рәсімін бастады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2024–2025 оқу жылының бітіруші түлектеріне арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі басталып, шараға университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, бітіруші түлектер мен ата-аналар және қадірлі қонақтар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай университеті диплом табыстау рәсімін бастады

Бүгін Тарих және құқық факультетінің 350 білім алушысы университет қабырғасынан түлеп ұшып, бакалавр дәрежесін иеленіп отыр.

Салтанатты шараның шымылдығы университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекованың құттықтау сөзімен ашылды.

Салтанатты жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің университет түлектеріне арналған бейнеқұттықтауы көрсетіліп, бітіруші түлектерге жүрекжарды тілегі жолданды.

Сонымен қатар, оқу озаттары мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, университеттің өзін-өзі басқару студенттік ұйымның дамуына үлес қосқан бірқатар түлек университет ректорының Алғыс хатымен марапатталды. Шара барысында әрбір түлекке ректор атынан Абай Құнанбаевтың «Қара сөздер» жинағы естелік ретінде табыс етілді.

Айта кетсек, биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін 4 239 болашақ маман тәмамдайды. Алдағы күндері Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық факультеті, Өнер факультеті, Математика, физика және информатика факультеті, Жаратылыстану және география факультеті, Педагогика және психология факультеті, Филология факультеті мен Сорбонна-Қазақстан институтының түлектеріне арналған диплом табыстау рәсімдері өтетін болады.