Туризм • Бүгін, 16:08

Елімізде заңсыз гидтер саны артқан

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда заңсыз гидтер мен тіркелмеген шетелдік туроператорлар ел имиджіне нұқсан келтіріп, салық төлемей миллиондаған қаржыны көлеңкелі айналымға бағыттап отыр. Олар халықаралық аренада беделімізге қауіп төндіруде. Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының өкілі Екатерина Смолякова осы мәселеге орай  Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде заңсыз гидтер саны артқан

Фото: kbtu.edu.kz

Депутаттың айтуынша, бір жылдың ішінде елімізде көші-қон заңнамасын 106 мыңнан астам шетелдік бұзған. Ал шетелдік «экскурсоводтардың» бақылаусыз келуі — жүйелі проблемаға айналған.

«Туристерді тура әуежайда қарсы алып, қонақ үйлерден алып кетіп, Қазақстан нарығы мен салық жүйесін айналып өтеді»  деді Смолякова.

Алматы қаласындағы жағдайға ерекше алаңдаушылық білдірген депутат жақында Алматы қаласында өткен дөңгелек үстелде туризм саласының өкілдері көтерген мәселеге тоқталып,  Үндістан мен Пәкістаннан келген студенттер елімізде заңсыз гид болып жұмыс істейтінін, олардың ұсыныстары көбіне мәдени емес бағытта өрбіп жатқанын  айтты.

«Шетелдік гидтер Қазақстанның тарихын да, дәстүрін де білмейді. Бірақ туристерге сыбайлас жемқорлық, қылмыс пен саясат туралы ақпарат беруге дайын. Бұл – жай ғана көлеңкелі бизнес емес, бұл – ақпараттық қауіп» деді депутат.

Смолякова демалыс күндері туристік бақылаудың жоқтығына да тоқталды. Оның айтуынша, туристік және көлік полициясы кей жерлерде мүлде жоқ немесе тек жұмыс күндері ғана қызмет атқарады. Оның айтуынша, демалыс күндері, турист көп келетін кезде, бақылау атымен жоқ. Бұл – жол беруге болмайды.

Мәселені шешу үшін депутат мына мәселеге, яғни барлық гидтерге міндетті сертификаттау енгізу; елге кіруді бақылау үшін биометриялық жүйелерді қолдану;туристік аймақтарды сенімді басқаруға жеке инвесторларға беру;шетелдік азаматтар үшін валюталық шектеуді алып тастау; e-Qonaq жүйесіне бақылауды күшейту; дәмханалардағы санитарлық талаптар мен таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге назар аудару қажеттігін алға тартты.

 Егер де осыған назар аударып, салада тәртіп орната алсақ, онда туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін 3–4 пайызға жеткізуге болады.