
Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев өңір басшысы Марат Ахметжановтың құттықтауын жеткізіп, балалардың тамаша табиғат аясында тынығуына сәттілік тіледі.
Төл тарихымыз тұнып тұрған тамаша өлкеде жаңадан дос тауып, таза ауа жұтып, мөлдір суға шомылып, жадыраған жаз қызығын көру бір ғажап. Мұны болашаққа жасалып жатқан қамқорлық деп есептеуге әбден болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Көкшетау қаласынан келген балалар топтарының жетекшілері оқушылармен бірден тіл табысып кетіпті. Ортақ тақырып та аз емес. Мәңгі жасыл қарағайлар мен ақ қайыңдар көмкерген, тостағанға құйған судай толықсып жатқан көл жағасында көкіректеріне құйып алар сан алуан әдемі де әсерлі сыр бар. Бала көңілі байқағыш. Әр нәрсені білгісі келеді. Майда толқындары бірін-бірі қуалап, жағалауға асыққан көл жағасында тұрып шүйіркелескен балалар көз тойдырар көркем табиғаттың келісті келбетін жас жандарына көшіріп алғысы келетіндей. Жетекшілер «Думан» педагогикалық отрядынан екен. Алғыр, білімді, ең бастысы бойларында өз істеріне деген сүйіспеншілік бар. Жоспарларымен де бөлісіп жатыр. Алдағы уақытта балалардың рухани кеңістігін көркейтетін мазмұнды байқаулар өткізбек, спорт жарыстары ұйымдастырылмақ. Кешкілік табиғат аясында жиналып, қызықты әңгімелер өрбітпек. Ол әңгімелердің негізгі бағыты туған жер туралы. Әр перзенттің туған жерге қызмет етуі керектігі хақында. Сондай-ақ сұлу табиғатты сақтау үшін қызмет ету жайында. Балалардың басым бөлігі Астанадан келіпті. Екібастұздан жеткендер де бар.
– «Сокол» бұл ең жақсы лагерь. Мен бірнеше күн болдым, енді кеткім де келмей қалды. Қазірдің өзінде жаңа достарыммен қалай қоштасамын деп уайымдап жүрмін, – дейді Астана қаласынан келген 8-сынып оқушысы Нұрайым Берден.
«Сокол» балалар лагері «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. 6,3 гектар жерді алып жатыр. 320 орындық еліміздегі ең ірі лагерьлердің бірі 1963 жылы пайдалануға берілген. Уақыт өте келе, бір мекемеден бір мекемеге ауысып, тек 2002 жылы ғана білім саласына берілді. 2020 жылы қызметі біршама тозуына байланысты тоқтатылды. 2024 жылғы 50 балаларды сауықтыру лагерін жаңғырту бағдарламасына сәйкес «Нұрмұқанов» жеке кәсіпкерлігінің сенімді басқаруына 15 жылға берілді.
Бірер айдың ішінде нысан жаңарып сала берді. Лагерь директоры Арғын Азбаевтың айтуына қарағанда, толық жаңартылған. Жатын корпусы, асхана, клуб, барлығы мұқият жөнделген. Тіпті бұрынғы нысанның қабырғасы ғана қалған, өзгесі түгел жаңартылыпты. Жаңа қазандық орнатылған, алдағы уақытта лагерь жыл бойы жұмыс істемек.
Санитарлық-эпидемиялық жағдайы талапқа сай. Ұзақ жылғы үзілістен кейін есігін айқара ашқан сауықтыру орны алғашқы кезекте 275 баланы қабылдапты. Жыл соңына дейін 8-15 жас аралығындағы екі мың балаға қызмет етпек. Лагерьдің жаңаруы – мемлекет пен жеке бизнестің бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі.
Ақмола облысы