Қоғам • Кеше

Гидроциклмен жүйткіген батыр ана

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде 12 баласы, 23 немересі, 30 шөбересі бар 82 жастағы әжейдің гидроциклмен жүйткіп жүрген видеосы тарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Гидроциклмен жүйткіген батыр ана

— Мені әкем соғыстан келгенде жастайымнан атқа мінгізіп үйреткен. Уақытында велосипед те әперген. Жастық шағымда соның бәрін көргенмін ғой. Одан кейін Алла бұйыртып, тұрмысқа шықтым. Құдайдың берген 12 баласын өсіріп, жеткіздім. «Батыр ана» атандым. Оларды жұмысыммен қабаттастырып жүріп тәрбиеледім. Депутат болып та сайландым. Жақсы еңбегімнің арқасында Мәскеуге де жіберді. Солай елдің, халықтың көтермелеуімен өзімді бақытты санадым. Зейнетке шыққасын балаларымның арқасында шетелді де араладым. Мысырда «Судың астына түсіп көресіз бе?» дегенде, судың астына да түстім. Содан кейін гидроцикл деген не тұрады, оны да көрейін деп, тәуекел етіп міндім. Одан алған әсерім қатты ұнады. Көлдің үстінде айналып жүрген ерекше екен. Құласам, суға құлармын, тәуекел дедім де, айдап кете бердім, — дейді Жадыра Жаниман.

Әжейдің гидроциклді жүйткіткен видеосын жанында отырған инструктор жігіт таспалап, әлеуметтік желіде жариялаған екен.

— Желке тұсымда бір бала видеоға түсіріп отырды. Ол меннен: «Апа, айдауды қайдан білесіз?» деп сұрады. Мен: «Бәрін білемін, бәрін айдап көргем», — дедім де, кете бердім. Ертеңіне қызымның телефонынан көрдім. «Апа, сізді Instagram-ға шығарып жіберіпті», — деді. Менің гидроцикл айдағаным халыққа танымал болыпты. Енді халыққа, жастарға үлгі болсын, — дейді желі жұлдызы.