
Топ Тұйықсу мен Мыңжылқы шатқалы, «Альпинград» және Мәншүк Мәметова атындағы асу арқылы жүріп өткен. Сөйтіп, Іле Алатауы сілемдерінің түйіскен жерінде орналасқан 28 гвардияшы-панфиловшылар шыңына шықты. Кейін осы жерге еліміздің Мемлекеттік туы мен «Заң және тәртіп» жалауын тікті. Қатысушылардың айтуын-
ша, 4 120 метр биіктікке көтерілу оңай болмапты.
«Бастапқыда күн ашық болған, кейін құбылды. Жаңбыр мен бұршақ жауып, қалың тұман басып жолды көру қиындады. Осылай таудың ең биік шыңын бағындыру оңай болған жоқ. Шамамен 12 сағатта сапарды аяқтадық», дейді спорттық іс-шараға қатысушылардың бірі Алматы қаласы Әуезов ауданы прокуратурасының бөлім бастығы Ералы Совет.
Жалпы, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің осындай қарлы асуға ұмтылысы – әділдік пен заң үстемдігіне деген адал ниеттің, биік мұраттың рәмізі іспетті. Бұл – тек физикалық тұрғыда бағындырған шың емес, моральдық әрі кәсіби биіктікті бағындыруға деген ұмтылыс. Бір жағынан мұндай іс-шаралар сала мамандары арасындағы өзара ынтымақтастық пен әріптестікті нығайтып, бірлікті бекемдей түседі.