Президент • Кеше

Қазақ халқы қай заманда да Заңға бас иген – Президент

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысып, әділетті және қауіпсіз қоғам құрудағы құқық үстемдігінің рөліне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ халқы қай заманда да Заңға бас иген – Президент

Фото: Ақорда

Президент өз сөзінде құқықтық мәдениетті көтеру және заңның үстемдігін орнықтыру – ел дамуының берік негізі екенін атап өтті.

«Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл – ауқымы кең маңызды міндет. Енді осы жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталайын. Біріншіден. Біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыруда халқымыздың тарихи тәжірибесіне сүйенудің маңызын атап өтті. Ол қазақ даласының ежелден заңмен өмір сүрген өркениетті қоғам болғанын еске салды.

«Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған. Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құқықты сақтау – тек заңмен жазалау емес, сонымен қатар қоғамның ішкі мәдениетінің айнасы екенін атап өтті. Ол заң мен тәртіпті мәжбүрлеумен емес, саналы түрде ұстанатын орта қалыптастыру қажет екенін айтты.

«Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек», деді Президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі саудасы, лудомания, вандализм сынды әлеуметтік проблемалармен күрес заңға бағынатын қоғам арқылы ғана нәтижелі болатынын айтты.

«Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылады. Біз былтыр Ұлттық құрылтайда осы әлеуметтік кеселдермен ымырасыз күрес мәселесін талқыладық. Өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет. Бұл – ата-аналар мен білім беру жүйесінің ортақ міндеті. Балалар қоғамдық құндылықтардың мән-мағынасын ұстазынан үйренеді. Олардың мінез-құлқы негізінен мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан Үкімет білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп қарауы керек. Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен «Адал азамат» болып шығуы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.