
Бастапқы инвестиция – 170 млн доллар
«Зауыт іске қосылғалы бері облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Мұнайлы өңірде шетелдіктермен бірлескен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Машина жасау саласында 150 ірі, орта және шағын бизнес нысаны бар. Жаңа жобалар біріншіден, «Теңіз» кен орнындағы келешек кеңею жобасының аяқталуына байланысты босаған жұмысшыларды жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Екіншіден, экспортқа бағытталған өнімдер өсіміне септігін тигізеді. Үшіншіден, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді», дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
Жүк вагондарын құрастыру зауытын іске қосқан «Texol» компаниялар тобының басшысы Шота Авхазаваның айтуынша, жобаға бастапқыда 170 млн доллар көлемінде қаржы салынған. Игі бастама толық жүзеге асырылған кезде инвестиция көлемі 160 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
300 адам жұмыспен қамтылған
«Зауыт бастапқыда жылына 6 мың вагон құрастырады. Жүктеме көбейген сайын ұста, дәнекерлеуші, бұрғылаушы, тойтарушы секілді сан түрлі бейіндегі мамандарға сұраныс көбейеді. Мұнда вагон мен цистерна шығару, жөндеу, техникалық қызмет көрсетуге арналған барлық инфрақұрылымды қамтитын кластер құру көзделіп отыр. Вагон құрастыруға неміс станоктары мен елімізде өндірілген материалдар қолданылады. Вагондарды Еуропа және Балтық теңізі жағалауындағы елдерге экспорттау мүмкіндігі бар», дейді Ш.Авхазава.
Қазір жаңа үлгілер өндіріске енгізіліп жатыр. Соның қатарында 25 мың арба мен 136741 үлгісіндегі артикуляцияланған фитинг платформасының моделі де бар. Сондай-ақ мұнда сұйытылған көмірсутекті газды тасымалдайтын цистерналар шығарылады. Зауытқа вагон құрастыру үшін металл конструкциялары Қарағанды облысынан, мойынтіректер Степногордан, доңғалақты жұптарға арналған дискілер мен осьтер Екібастұздан алынады. Қазір зауытта 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін олардың қатары 600 маманмен толығады.
Болаттан құйылатын бөлшектер
Жақында қытайлық «Hubei Provincial Mechanical and Electrical Institute GROUP Co., LTD.» инжирингілік холдингімен келісім жасаған. Тараптар теміржол вагонына арналған ұсақ және орташа құйма болат бөлшектерін шығаратын зауыт құрылысын жобалауды бастағалы отыр. Қытайлық компания жыл соңына дейін жаңа зауыттың жобасын ұсынады. Қазір өндіріс орны үшін бөлінген жер телімінде қосалқы және кеңсе ғимараттарының құрылысы басталды. Кірме жол салынып жатыр. Бірнеше өндірістік цехтан құралатын зауыт құрылысы жыл соңында қолға алынбақ.
«Жаңа өндіріс орны 2027 жылдың I тоқсанында іске қосылады. Зауыт жылына 30 мың тоннаға дейін құйма бөлшек, вагон құрастыруға қажетті тірек, өкшелік, тартқыш, букса корпусы сынды негізгі бөлшектер шығарады. Өндіріске негізгі шикізат ретінде жергілікті материалдар қолданылады. Бұл – металл сынықтары мен ферроқосымшалар», деді Ш.Авхазава.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, құйма бөлшектер шығаратын зауыт – мұнайлы өңір экономикасын әртараптандыруға жол ашатын маңызды жобаның бірі. Өйткені Атырау тек мұнай-газ өнеркәсібі емес, логистика орталығына да айнала бастады.
Атырау облысы