Президент • Бүгін, 09:00

Президент Астанадағы нысандарды аралады

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы бір­қатар нысанды аралап көрді. Президент ең алдымен Бекзат Саттарханов атын­дағы спорт кешеніне барды.

Президент Астанадағы нысандарды аралады

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Мемлекет басшысы жеке инвестордың қаржысына салынып, биыл пайдалануға беріл­ген көпфункциялы ғимарат­тың қызметімен танысты. Елордада орналасқан кешенде түрлі деңгейдегі спорттық іс-шара­лар, сондай-ақ халыққа арнал­ған сауықтыру және демалыс бағдарламалары ұйымдас­тырылады. Нысан аумағында футзал, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, дзюдо, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға арнал­ған жекпе-жек залдары бар.

Президент бұқаралық спортты дамыту үшін осындай кешендерді көптеп салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ жас боксшылармен және футболшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.

пр

– Бұл үшін, ең алдымен, еңбек ету керек, табандылық қажет. Жеңіс­ке тек еңбекқорлық қана жет­кізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Содан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Дәулет» МКҚК теннис орталығының қызметімен танысты. Кешенде 600 бала, олардың ішінде 85 оқушы бю­джет есебінен жаттығады. Сондай-ақ мұнда 57 спорттық-сауықтыру тобы жұмыс істейді.

«Дәулет» орталығы – елор­да­дағы балалар ең көп баратын, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар спортшыларды да қамтитын әлеуметтік-спорттық нысандардың бірі.

Биыл мамыр айында орта­лық базасында Азия құрлы­ғында алғаш рет Virtus World Tennis Championship 2025 – ақыл-ой кемістігі бар спортшылар арасында теннистен әлем біріншілігі өтті.

пр

Осы күні Мемлекет басшысына «Stadler Kazakhstan» зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагоны таныстырылды.

Жаңа вагондардың бас­ты артықшылығы – жолау­шылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруды көздейтін заманауи инженерлік шешімдер. Қатаң климаттық жағдайға бейімделіп жасалған вагондарды қолдану мерзімі – 40 жыл.

Кәсіпорын купе, плацкарт және қозғалысы қиын жолаушылар үшін арнаулы вагондар шығарады. Биыл 51 вагонды, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагонды пайдалануға беру жос­парланған. Бұл ұлттық тасы­малдаушының вагон пар­кін толығымен жаңартуына мүмкіндік береді. Өндірісті локализациялауға қазақстандық кәсіпорындар тартылған.

Президент теміржол са­ласының жұмысшыларымен әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа теміржол қатынасы жүйесін жаңғырту барысы жөнінде есеп берілді. Бүкіл ел бо­йынша 125 вокзалға жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Халық­аралық серіктестермен бірлесіп, жолау­шы тасымалдау жүйесіндегі қыз­мет көрсету сапасын арт­ты­ру­ға және өңірлердегі көлік бай­ланысын жақсартуға бағыт­тал­ған шешімдер енгізіліп жатыр.

Атап айтқанда, отандық ІТ компаниялар жолаушылар­ға арналған бірыңғай цифр­лы платформа әзірледі. Бұл билет сатып алудан бастап туристік қызмет көрсетуге дейінгі көптеген функцияны біріктіреді. Сондай-ақ по­йыздар спутниктік интернетке қосылады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында видеотіркеулер, мобильді терминалдар, жасанды интеллект технологиясы негізінде мәліметтерді талдауға қабілетті 4 мың камера пайдаланылады.

Мемлекет басшысы барған келесі нысан – MFA International компаниясының елордадағы кәсіпорны. Бұл – индустриялық респиратор мен газтұтқы шығаруда Түркиядағы ең ірі және Еуропадағы үштікке енетін компания.

2020 жылы пандемияның шарықтау шағында MFA Maske компаниясы қызмет аумағын кеңейту жөнінде шешім қабылдап, Қазақстанға инвестиция құйған болатын. Астанада медициналық, өнеркәсіптік рес­пираторлар, газға қарсы уланудан, сондай-ақ химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қатерден сақ­тайтын газтұтқы шығаратын зауыт құрылысын бастады. Жоба құны – 10 млн доллар. Компа­нияның жеке инвестициясы есебінен салынып жатыр.

Сонымен қатар Президент медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын елордалық кәсіпорындар көрмесін тамашалады. Мемлекет басшысына Heart Center Foundation қоғамдық қорының өкілдері Қазақстандағы кардиохирургия мен трансплантологияны дамыту миссиясы туралы әңгімеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл мамыр айында ALEM инно­вациялық аппаратын шыға­ратын зауыт құрылысы басталғаны жөнінде ақпарат берілді. Қазақстандық инженерлер мен UMC Жүрек орталығы дәрігерлерінің бірегей жұмысы заманауи трансплантологиядағы басты мәселе саналатын донорлық органды сақтау уақытының шектеулілігін шешуді көздейді.

Жүректің ишемиялық ауру­ларының түрлі формаларын емдеу ісіне Назарбаев университеті технопаркінің базасында іске асырылған жоба да өз үлесін қоспақ. «IHT Central Asia» ЖШС-і испаниялық Iberhospitex S.A компаниясының технологиясын әкеліп, интервенциалды кардиологияда қолданылатын коронарлық стент пен баллондық кататер өндірісін жолға қойды.

Eira Med фармацевтикалық кешені Еуропа Одағы елдері мен АҚШ-тан келетін медициналық бұйымдар импортын алмастырумен және технологияны трансферлеумен белсенді түрде айналысады.

Бұған қоса Президентке Kazecotech кәсіпорнының ғылыми-техникалық жетістіктері көрсетілді. Кейінгі үш жылда компания ең үздік әлемдік стандарттарға сай келетін 250-ден аса протез дайындап, 500 адамды Ottobock мүгедек арбасымен қамтамасыз еткен.

Көрмені аралаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика индустриясы мен медицина бұйымдары өндірісін дамытудың маңызын атап өтті.

пр

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Orbis Heavy Machinery арнайы және коммерциялық техника зауытына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев KIA маркалы арнайы және коммерциялық техникалар құрастыратын зауыт жұмысымен танысты.

Кәсіпорын іске қосылған 2022 жылдан бері 700-ден аса автокөлік шығарған. Өндіріске құйған инвестицияның жалпы көлемі 11 млрд теңгеден асты. Мұнда өндірушілерден жеткізілген бөлшектерді дәнекерлеу, сырлау, шанақ монтаждау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар коммерциялық автокөліктерге арналған қосымша жабдықтар өн­дірісі жолға қойылған. 240 ма­ман тұрақты жұмыспен қамтылған.

Компания өндірістік қуаты мен өнім түрін кеңейту үшін басқа да халықаралық брендтермен келіссөз жүргізіп жатыр.

Президент еңбек ұжымына табыс тілеп, KIA Bongo автокөлігінің шанағына естелік қолжазба қалдырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы KazPan сэндвич-панел­дерін өндіретін зауыт­ты аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорын Kindus оңтүстіккореялық өндірісінің жоғары технологиялы автомат­тан­дырылған желісімен жабдық­талғаны жөнінде баяндалды. Зауыт жылына 1,8 млн шаршы метрге дейін өнім шығара алады.

Мұнда заманауи жабдық­тар­мен және технологиямен жұ­мыс істеу үшін Kindus-тың инженерлерді оқыту курсы­нан өткен 50 маман еңбек ете­ді. Бүгінде сэндвич-панельдер өнеркәсіптік, логистикалық, әкім­шілік, спорттық және басқа да ны­сандардың құрылысын жүргізуде сұранысқа ие екені айтылды.

Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беретініне және еліміздің инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Президент Астана­дағы «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа аллеяның ландшафтты даму жоспары көрсетілді. Жоспар қаланың оңтүстік бөлігіндегі 942 гектарды қамтиды. Сарайшық ауданындағы желілік саябақ тұрғын үйлер кешені мен әлеуметтік нысандар, мектептер, теміржол вокзалы, скверлер, көшелер мен жаяу жүргіншілер және велосипед жолдарының арасын жалғайды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек вокзал маңындағы саябақ ауданның беткеұстар мүйісіне айналатынын айтты. Мұнда ойын алаңдары, амфитеатр және аллеялар салу жоспарланған.Былтыр «Қазақ елі» алаңында ағаштар егіліп, дизайнерлік қақпақтар орнатылды, шамдар мен басқа да сәулеттік қалыптар жаңартылды. Биыл ең әуелі Байтұрсынұлы, Нұрмағамбетов, Нәжімеденов көшелері мен Тәуелсіздік даңғылы маңындағы тұрғын үй кешендерін қамтитын желілік саябақты абаттандыру жұмыстары басталады.

Әкімнің айтуынша, қала дамуында Тұран даңғылының батыс жағындағы GreenLine бульвары ерекше маңызға ие. Шаһардың халық тығыз орналасқан ауданымен жалғайтын бульварда веложолдар, балалар мен спорт алаңқайлары, тынығатын демалыс аумақтары болады.

Аталған жобалар қаланы дамытудың көпорталықты моде­ліне сәйкес жүзеге асырылады. Яғни тұрғын үй, жұмыс, қызмет көрсету мен рекреация орындары қолжетімді әрі бір-біріне жақын болуға тиіс.