
Әмірдің ЖИ тақырыбына қызығушылығы былтырғы оқу жылынан басталды. Мектептегі «Digital Society» пәні аясында жаңа технологияның әлеуметтік, экологиялық және этикалық себеп-салдарын зерттеді. Әсіресе оны өткен жылы желтоқсан айында Калифорния штатында болған ірі орман өрті терең ойға қалдырды. Өрт себептерінің бірі ретінде дерек орталығының көп көлемде су тұтынғаны көрсетілген. Осы ақпаратты оқығаннан кейін ол «ChatGPT»-дің бір ғана сауалына қанша ресурс жұмсалатынын зерттеуге кірісті.
Шынында да, зерделі оқушының зерттеу жұмысы өте маңызды. Өйткені бұған дейін бұл тақырып көп зерттелмеген. Бір жағынан, осы жоба арқылы ЖИ мен оның ресурстарды тұтынуына байланысты мәселелер назар аудартады.
«Бірде жаңалықтардан «OpenAI» бас директоры Сэм Альтманның «рахмет» немесе «өтінемін» сияқты сұраныстардың өзіне қанша су мен қаржы кететінін білмейміз дегенін оқыдым. Бұл мәселе маған ой салды. Бірақ осы тақырыпты оған дейін де бірнеше рет достарыммен талқылаған едім. Өйткені өзім кейінгі кезде «ChatGPT»-ді қолдануды азайттым. Жалпы, бала күнімнен зерттеумен айналысқанды жақсы көремін. Қазір біз мектепте «IBDP» бағдарламасын оқимыз. Себебі осы бағдарлама аясында үнемі зерттеу жасап, талдау жүргіземіз. Ал мұндай белсенділік оқу үдерісін жеңілдетіп, білімімізді тереңдетуге көмектеседі», деді ол.
Әмірдің есептеуінше, бір ғана «ChatGPT» сұранысы «Google» іздеу сұранысымен салыстырғанда 10 есе көп энергия тұтынады екен. (шамамен 0.0029 кВт/сағ). Оның айтуынша, әлем бойынша аптасына 500 миллионнан астам адам ЖИ чат-боттарын пайдаланады. Ал олардың 78 пайызы өз сұрауларына «рахмет», «өтінемін» сияқты қарапайым сөздерді қосады. Нәтижесінде, тек осындай сөздерге «OpenAI» аптасына 3,5 миллион галлон (13 миллион литр) су, 600 000 кВт/сағ электр энергия жұмсайды. Бұл компанияға аптасына 1,6 миллион доллар шығын келтіреді.
Оның бұл зерттеуіне «Digital Society» пәнінің мұғалімі Рабия Жексембаева жетекшілік етіп, ғылыми стилі мен құрылымына көмектескен. Мұндай жұмыс ЖИ-дің экологиялық ізіне ғана емес, сонымен бірге еліміздегі дерек орталығының болашақ дамуына да әсер етуі мүмкін. Жас зерттеуші бізбен әңгімесінде еліміздегі электр энергиясының басым бөлігі табиғи ресурстарды жағу арқылы өндірілетінін айтты. Сондықтан экологиялық және ресурстық тиімділік өзекті мәселе ретінде қарастырылуға тиіс дейді.
Енді Әмір өз зерттеуін «OpenAI» компаниясына жіберуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ бұл еңбегін АҚШ университеттеріне өтінім беру барысында портфолиосына да қоспақ. Болашақта талапты жас еліміздегі дерек орталығын салу жұмысына қатысып, сол салада еңбек еткісі келеді.
«Менің мақсатым – еліміздегі дерек орталығының жұмыс істеу қағидасын өзгертіп, су мен электр энергиясын аз тұтынатын, бірақ тиімділігі мен функционалдығы төмендемейтін жүйе құру», дейді ол.