Жастар • Бүгін, 08:58

«Oyorda»: Кітап оқу – саналы таңдау

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елдегі ірі кітап дүкендер желісі үш жыл қатарынан жылына 2 млн данаға жуық кітап сатыпты. Азаматтардың дені тұлғалық даму, шытырман оқиғалы детектив пен классикалық шығармаларды таңдаған. Ерекше атап өтерлігі, оқырмандардың басым бөлігі – жастар. Мұндай үрдісті тек статистикалық деректерден емес, қоғамдық бастамалардан да байқауға болады. Соның жарқын бір мысалы – «Oyorda» жас оқырман қауымдастығы.

«Oyorda»: Кітап оқу – саналы таңдау

Еңбек демалысын алған сайын­ адам ішкі тыныштықты із­дейді емес пе? Біреу шетелге, біреу теңізге қарай жол тартады. Ал біз бұл жолы Баянауылға бет бұр­дық. Жай ғана табиғатқа тамсанып, қыдыратын емес, рухани ой түйетін тур іздедік. Сөйтіп жолымыз «Oyorda» атты кітапқұмар жастармен түйісті.

Сапар кезінде жай ғана уақыт өткізбей, «Oyorda» қауымдастығының президенті Ердәулет Құралмен әңгіме өрбіттік. Білім мен руханиятқа ерекше көңіл бөлетін жас мамандығы бо­йынша инженер-жобалаушы болып шықты. Оның кітапқа деген ын­та-ықыласы жастарды ізденіске жете­лейтін орта қалыптастыруға итермелеген. Нәтижесінде, өзі секілді жанашыр қатарластарымен бірлесе былтыр жыл басында «Oyorda» қауымдастығын құрған.

– Бұл істі қандай да бір уақытша әуестік жетегіндегі ұстаныммен емес, мақсат-міндеті айқын, өміршең жоба болады деген ниетпен бастадық. Бір топ жас белсендіні тартып, ресми тұсаукесерін жасап, аяқтап алдық. Бүгінде, міне бір жарым жыл ішінде тек кітап оқуды насихаттайтын ортадан жас буынның тұлғалық дамуына сеп болатын, тәрбиелейтін тұғырлы ордаға айналдық. Бастапқыда бекітілген ережеге сәйкес «Oyorda» үш айлық маусымды қамтиды. Осы аралықта оқырмандар тұлғалық даму, іскерлік әдебиет, көркем шығарма сынды әр жанрға сай, бірнеше топқа бөлініп, бағытына қарай кітап оқиды. Кейін сол түйгендерін топпен жүздесіп, бірлесе талқылайды. Әрқайсысы жеке-жеке ойын ортаға салып, көп алдында сөз сөйлейді. Осылайша, азаматтарда ке­йіпкерлерді саралау, оқиғаны тал­дау, сыни ойлау, сөз саптау деген секіл­ді дағдылар қалыптасады, – дейді Е.Құрал.

Бір ерекшелігі – жас оқырмандар клубына мүше болу ақылы. Маусым­дық бағасы – шамамен 12 мың теңге. Бірақ бұдан тартынып жатқан студент­тер жоқ. Қазірдің өзінде ойлы жастар орда­сында 300-ге тарта кітапқұмар оқыр­ман бар. Қауымдастық президенті тіпті маусымға тіркеуге үлгермей қал­ғандар қанша ақша ұсынса да топ­қа қосылмайтынын айтты. Өйт­кені «Oyorda»-ның басты кредосы – жауапкершілік.

– Бізде бекіген нақты жүйе бар. Тек оны уақытқа сай, жаңалап оты­рамыз. Қауымдастыққа мүше оқыр­мандарды қадағалап отыратын ұйым­дастырушылар болады. Олар еңбек­ақы алмайды, еріктілік негізде жұ­мыс істейді. Алайда клубтағы әр үйлес­тірушіден жүйенің жүйелі жұмыс істеуі үшін ниет пен ерекше жауапкершілік талап етіледі. Бұл да бір жақсы әдет қалыптастырудың кілті, – дейді ол.

Әңгіме барысында байқағаны­мыз­дай, қауымдастықтың аясы – кең. Кітап талқылаудан бөлек жастар неше түрлі куиздер, мәдени кештер, саяхат пен турнирлер жиі ұйымдастырады. Мен осы «Oyorda Sapar» жобасына ілігіппін. Бастама еліміздің түрлі аймақтарындағы тарихи-мәдени жер­лерімен танысу арқылы жас буынның таным көкжиегін кеңейтуді көздейді. Бұған дейін ойордалықтар Қарағанды, Алматы қаласы мен Көкшеге сапарлап келген.

Ал «Oyorda Talks» аясында қазақ тілді үздік мамандар мен жоба ­авторлары, зиялы қауым өкілдері спикер ретінде шақырылып, идея алмасады. «Cash Flow» болса, жастардың қаржылық сауатын арттырып, инвестиция, кәсіпкерлік шешімдер мен ақша басқару дағдыларын қалыптастыруға арналған. Бұдан бөлек жайлы атмосферада кофе ішіп, кітап оқуға арналған «Oyorda Kitap & Kofe» бар.

– Бұл Астананың оң жағалауында орналасқан кофетерий. Мұнда да аптасына бірнеше рет кітап талқылары, тіл клубтары, мәдени-танымдық кездесулер, әдеби кештер өтіп тұрады. Іс-шараларға кез келген адам келе алады, яғни біздің қауымдастық мүшесі болуы міндетті емес. Айта кетерлігі, қазір біз ел бойынша тағы екі жобаны бастап жатырмыз. Біреуі – кітап оқу, екіншісі – жүру және жүгіру марафоны. Бастамалардағы ерекшелік, бірінде қатысушылар арнайы аудио кітапты сыйлыққа алады, енді бірінде ақын-жазушылармен онлайн кездесу ұйымдастырылады. Әзірге жүру және жүгіруге арналған жоба басталып, алғашқы айда Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау қаласынан 40-тан астам азамат тіркелді, – деп ойын түйіндеді Е.Құрал.

Осылайша, алты жарым сағатты артқа тастап, Астана-Павлодар тас жолымен Баянауылға жүйткіп жеттік. Жолдың кейбір тұсы жөнделіп жатқаны болмаса, сапасында мін болмады. Тур бағдарламасына сәй­кес алдымен Жасыбай көлінен үш шақырым жерде Баянауылдың биік шоқыларының бірінде орналас­қан Қоңыр әулие үңгіріне бардық. Кейін «ә» дегеннен Баянауыл ұлттық паркіне кіріп, табиғатына тамсанып, Кемпіртасқа таңдай қақтық. Әрі қарай Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылындағы бұлақ басынан су ішіп, кинорежиссер Шәкен Айманов ес­керткішіне, академик Қаныш Сәтбаев музейіне, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне аяқ бастық. Жол бойы сөзбен сипаттай алмайтын сұлу сурет тұрғанда шетелге не үшін шабылып жүрміз деп бір ойландық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керектігін баса айтқан еді. Президент сөз арасында жастарды кітап оқуға баулып, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу маңызды факторлардың бірі екендігін тілге тиек етті. Осы орайда кітап оқу мәдениетін қоғамда орнықтыруға атсалысып жүрген «Oyorda» оқырман қауымдастығы тап­­сырманы іліп әкеткендей.