
Жоба бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған, Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балалар арасында бөлінеді. 2024 жылдан бері елімізде туған әрбір балаға Ұлттық қордан арнайы шот ашылып, жыл сайын оның атына қаражат аударыла бастады. Қаржы 18 жасқа толғанда оқуға немесе тұрғын үйге пайдалануға беріледі.
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ 13,34 млн АҚШ долларына 108 694 өтініш орындап, өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға жолдады. Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 7,95 млн АҚШ долларына 64 325 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін 5,38 млн АҚШ долларына 44 369 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында қала береді.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында жастар қаржыларын көбіне: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (7,77 млн АҚШ долларына 62 749 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу (57,78 мың АҚШ долларына 496 өтініш), азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (44,69 мың АҚШ долларына 407 өтініш) мақсатында пайдаланды.
Білім алу ақысын төлеу жөніндегі ең танымал мақсаттар: ел аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (4,79 млн АҚШ долларына 39 065 өтініш), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (437,15 мың АҚШ долларына 3 935 өтініш), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (122,91 мың АҚШ долларына 1 113 өтініш орындалды) болды.
«БЖЗҚ» АҚ мәлім еткендей, 2023 жылы барлық нысаналы жинақ салымшыларына 100,52 АҚШ доллары, 2024 жылы 129,38 АҚШ доллары есептелген. 2006 жылы туған азаматтарды қоспағанда, 2023 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға биылғы жылы 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс жазылған. Нәтижесінде, 2006 жылы туған баланың нысаналы жинағы 100,52 АҚШ долларына тең болса, 2007 жылы туған баланың нысаналы жинақтау шотында 232,94 АҚШ доллары жинақталды.
Кәмелетке толған азаматтар өздерінің нысаналы жинақ туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуға тиіс, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларында банктік шот ашып, тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алу ақысын төлеуге нысаналы жинақ төлеміне онлайн-өтініш беру үшін жүгіне алады.
«Ұлттық қор – балаларға» – болашаққа жасалған қамқорлық, экономикалық әділеттілік пен ұрпақ сабақтастығының нақты көрінісі. Бағдарлама арқылы әр бала ел байлығынан үлес алып, байыпты білім алуға немесе жеке өмірге қадам басуға материалдық негіз қалыптастырады, өз ісін бастауға немесе жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік алады. Болашақ буынды қаржылық қолдау – адами капиталды дамыту, сауатты, әлеуеті жоғары ұрпақ тәрбиелеудің тетігі. Жас қауым ерте жастан жеке қаржысын басқаруға үйреніп, жинақ жасау мен дұрыс жұмсау дағдыларын меңгереді.