
Наурыз алаңындағы «Оркестрлер шеруі» фестивалі тұңғыш рет Шымкентте өтіп отыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі музыкалық ұжымдар қатысты.
Қалалық филармонияның Ұлт-аспаптар, Опера және балет театрының симфониялық оркестрі Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» шығармасын орындап, фестиваль шымылдығын түрді. Қос оркестрдің қос дирижермен өнер көрсетуі көрерменді ыстық ықыласқа бөледі. Ұлт-аспаптар оркестрімен қоса, камералық, эстрадалық, үрмелі және джаз оркестрлері де өз өнерлерін көпшілікке паш етті.
Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды мәдени іс-шара бұдан былай үшінші мегаполисте тұрақты түрде жалғасын табатынын жеткізді. Осынау қызықты фестиваль 18 маусым күні оркестрлер арасындағы музыкалық «айтыспен» қорытындыланды.
Сонымен қатар мереке аясында Пушкин атындағы қалалық кітапханада «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симпозиумы басталады. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия елдерінен және республикамыздың әртүрлі өңірінен белгілі қылқалам шеберлері қатысады деп күтіліп отыр. Адамның жандүниесін қылқаламмен тербеткен суретшілер симпозиум барысында шаһардың ең көрікті жерлерін әуелгіде ақ кенепке бейнелесе, кейін 45 картина қалалық музей қорына табысталады.
Сондай-ақ Қала күні қарсаңында Наурыз алаңында өткен «Otbasy Fest» мерекелік іс-шарасында бірнеше отбасына пәтер кілттері табыс етілді. Тұрғындардың баспаналы болуына «Otbasy bank» іске қосқан өңірлік «Қамқор» бағдарламасы септігін тигізді. Жеңілдетілген несиеге негізделген осы бағдарламаның көмегімен жиырма отбасы баспаналы болды.
Барлық тұрғын үй шаһардың инфрақұрылымы дамыған аймағында орналасқан. Жауапты сала мамандарының айтуынша, дәл қазіргі таңда «Қамқор» өңірлік бағдарламасы тұрғындарды баспаналы етудің ең бірегей әрі тиімді жобасы болып табылады. Айта кеткен жөн, бүгінге дейін Шымкент қаласы әкімдігінің өңірлік бағдарламасы арқылы 368 тұрғынға баспана берілген екен.
ШЫМКЕНТ