
Фото: Ақорда
«Бұрын бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты біраз сұрақ туындайтын. Биыл өкінішке қарай бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер болып отыр. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді. Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасаулары керек», деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, әрине, сынау да керек. Бірақ осы мәселелердің қалай шешіліп жатқаны туралы да бүгін айтуымыз керек. Депутаттар осы мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу үшін жыл бойы белсене жұмыс атқарды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексі әзірленді. Онда бұрыннан келе жатқан түйткілдердің дені ескерілген. Осылайша, жаңа Бюджет кодексі бұрынғы модельдің олқы тұстарын – бөлшектенуді, жариясыздықты және бақылаудың әлсіздігін жоюға бағытталған», деп айтқан Е.Қошановтың сөзінше бүкіл бюджет процесі цифрланып, ашық болады. Қаржылық тәртіп күшейе түседі. Мемлекеттік органдар нақты нәтижеге қол жеткізу бойынша бюджеттік дербестікке ие болады.
«Және қаражатты игеру ғана емес, дәл осы жайт олардың тиімділігіне баға беруге негіз болмақ. Ең бастысы, Ұлттық қор қаражаты тек стратегиялық мақсаттар мен инвестицияға жұмсалады. Мұны депутаттар қатаң қадағалайды. Жыл сайын Үкімет нысаналы индикаторларды бюджет мүмкіндіктеріне орай түзетіп отыратын. Біз оған жол беруге болмайтынын бірнеше рет ашық айттық», деді Ерлан Жақанұлы.
Төрағаның мәлімдеуінше, мемлекеттік жоспарлау жүйесіне қойылатын талап бюджетті жоспарлау сапасын жақсартады әрі мемлекеттік органдардың стратегиялық басқару бағытын айқындай түседі.
«Алдыңғы жылдары біз республикалық бюджетке дивидендтер төлеуде де теңгерімсіздік барын байқадық. Осы мәселе де жаңартылған Бюджет кодексінде реттелген. Ал квазимемлекеттік сектор компанияларының дивиденд саясаты қайта қаралды. Жалпы, жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік қаржы жүйесін толығымен қайта жаңғыртып, Үкіметтің дербес жауапкершілігін арттыруға тиіс. Бюджетті атқаруға қатысты айтылған бүгінгі ұсыныстарға Үкімет баса мән беруі қажет екеніне тағы да назар аударғым келеді. Бұл мәселе әрдайым депутаттардың бақылауында болады. Жалпы, бірлескен жұмыс үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Палаталардың алдағы бірлескен отырысында осы мәселені талқылауды жалғастырамыз», деп толықтырды Мәжіліс спикері.