Балалар • Бүгін, 09:30

Бар жақсылық – балаларға

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Атырау облысында жазғы лагерьлерге 134 мың 812 бала­ны тарту жоспарланып отыр. Ал мектептердің жанынан 167 лагерь жұмысын бастады.

Бар жақсылық – балаларға

Атырау облыстық білім бас­қар­масының өкілі Қадыржан Са­паровтың айтуынша, мектептер жанындағы лагерьлер саны 727-ге жетеді. Онда 120 мыңға жуық бала демалады.

«Жаз мезгілінде оқушыларды 3 сауықтыру лагеріне демалуға жіберу көзделіп отыр. Лагерьдің бірі – Ресей Федерациясының Желез­новодск қаласындағы «Қазақстан геологі» емдеу пансионаты. Оған арнайы санатқа енген отбасылар­дағы 1 530 баланың демалысы ұйымдас­тырылады. Ал Индер мен Махам­бет ауда­нындағы лагерьлерде демалатын оқушылардың саны ­1 500-ге жуықтайды», дейді Қа­дыржан Сапаров.

Оның айтуына қарағанда, әлеуметтік тұрмысы төмен отба­сылардағы балалар ерекше на­зарға алынады. Әсіресе жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, арнайы санаттағы және қолайсыз отбасылардағы, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған балалар жазғы демалыс­пен толық­тай қамтылады. Жаз мезгілінде облыстағы барлық музей арнайы санаттағы балалар үшін тегін қызмет көрсетеді.

«Республикалық бюджет есе­бінен 4 лагерьге 608 баланы жі­береміз. Ал жергілікті бюджет қаржысымен 100-ден астам оқушы үшін еліміздің тарихи, көрікті мекендеріне экскурсия ұйым­дастыру жос­парланып отыр», деп мәлімдеді Қ.Сапаров.

Жазғы лагерьдің бірі «Жайлы мектеп» жобасымен іске қосыл­ған №50 білім ордасының жанынан ашылды. Бұл лагерьге «Жайлы Camp» атауы беріліпті. Оған бас­та­уыш сыныптан 50 оқушы қа­был­данды.

«Лагерьдің жұмысын ұйым­дастыру үшін Үкіметтің №64 қаулысы негізге алынды. Соған сәйкес лагерьге көпбалалы, күн­көріс деңгейі төмен, сондай-ақ атау­лы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары келе­ді. Ас мәзірі балалардың жас ерек­­шілігіне қарай әзірленеді. Бала­лардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалып отыр. Лагерь­­де жұмыс істеуге білік­ті мамандар тәрбиешілер оқу­шылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, түрлі танымдық, спорттық және мәдени іс-шараны өткізуді қолға алды», дейді лагерь жетекшісі Құр­мангүл Ахмедьярова.

Лагерьге алғаш келгендің қата­рында Айзере Аманқос та бар. Оның ата-анасы – көпбалалы отбасы.

«Жаңадан ашылған лагерьге келгеніме қуанып жүрмін. Маған өте ұнады. Тамағы дәмді, тәрбиеші­лер мейірімді екен. Көп дос таптым. Күн сайын түрлі концерт пен спорт­тық ойындар өткізіледі. Әр күніміз ерекше өтіп жатыр», дейді Айзере Аманқос.

 

Атырау облысы