
Атырау облыстық білім басқармасының өкілі Қадыржан Сапаровтың айтуынша, мектептер жанындағы лагерьлер саны 727-ге жетеді. Онда 120 мыңға жуық бала демалады.
«Жаз мезгілінде оқушыларды 3 сауықтыру лагеріне демалуға жіберу көзделіп отыр. Лагерьдің бірі – Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологі» емдеу пансионаты. Оған арнайы санатқа енген отбасылардағы 1 530 баланың демалысы ұйымдастырылады. Ал Индер мен Махамбет ауданындағы лагерьлерде демалатын оқушылардың саны 1 500-ге жуықтайды», дейді Қадыржан Сапаров.
Оның айтуына қарағанда, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардағы балалар ерекше назарға алынады. Әсіресе жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, арнайы санаттағы және қолайсыз отбасылардағы, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған балалар жазғы демалыспен толықтай қамтылады. Жаз мезгілінде облыстағы барлық музей арнайы санаттағы балалар үшін тегін қызмет көрсетеді.
«Республикалық бюджет есебінен 4 лагерьге 608 баланы жібереміз. Ал жергілікті бюджет қаржысымен 100-ден астам оқушы үшін еліміздің тарихи, көрікті мекендеріне экскурсия ұйымдастыру жоспарланып отыр», деп мәлімдеді Қ.Сапаров.
Жазғы лагерьдің бірі «Жайлы мектеп» жобасымен іске қосылған №50 білім ордасының жанынан ашылды. Бұл лагерьге «Жайлы Camp» атауы беріліпті. Оған бастауыш сыныптан 50 оқушы қабылданды.
«Лагерьдің жұмысын ұйымдастыру үшін Үкіметтің №64 қаулысы негізге алынды. Соған сәйкес лагерьге көпбалалы, күнкөріс деңгейі төмен, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары келеді. Ас мәзірі балалардың жас ерекшілігіне қарай әзірленеді. Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалып отыр. Лагерьде жұмыс істеуге білікті мамандар тәрбиешілер оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, түрлі танымдық, спорттық және мәдени іс-шараны өткізуді қолға алды», дейді лагерь жетекшісі Құрмангүл Ахмедьярова.
Лагерьге алғаш келгендің қатарында Айзере Аманқос та бар. Оның ата-анасы – көпбалалы отбасы.
«Жаңадан ашылған лагерьге келгеніме қуанып жүрмін. Маған өте ұнады. Тамағы дәмді, тәрбиешілер мейірімді екен. Көп дос таптым. Күн сайын түрлі концерт пен спорттық ойындар өткізіледі. Әр күніміз ерекше өтіп жатыр», дейді Айзере Аманқос.
Атырау облысы