Кино • Бүгін, 08:50

Мақсат – ұлттық киноның көкжиегін кеңейту

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

9-12 маусым аралығында Алматыда отандық киноның көкжиегін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі – мемлекет қолдауына үміткер киножобаларға арналған ашық қорғау болып өтті. Ел қазынасы есебінен қаржыландырудан үмітті 99 жоба бұған дейін екі кезең бо­йынша іріктеуден сәтті өткен. Дегенмен Достық үйінде өткен таныстырылымда Сараптама кеңесінің мүшелері әр жобаның идеясы мен маңызына тағы да тереңірек үңіліп, мұқият зер салды. Ашық қорғаудың түпкі мәні – әділдікте, байқаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында үш күнге созылған таныстырылым YouTube арнасының тікелей эфирінен таратылды.

Мақсат – ұлттық киноның көкжиегін кеңейту

Байқаудың бар­лық ке­зеңінде қатысу­шыларға киножобаларды іріктеу ережелерін түсіндіру мақса­тында Алматы мен Астанадағы кеңселерден, телефонмен, ресми сайттан және әлеуметтік желілерден кеңес алып тұруына жағдай жасалды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали жобаларды бағалау барысындағы бірқатар талапты түсіндіре келіп, мемлекет есебінен түсірілетін әр фильмнің жауапкершілігіне назар аудартты, министрліктің тапсырысы мен қолдауына сүйенетін әр жоба сала министрінің жеке бақылауында болатынын қадап айтты. «Ұлт­тық кино – ұлттың рухани бет-бейнесі», ендеше ел қазынасы­ның қаржысына түсірілетін фильмдер терең мазмұнымен және сапасының жоғарылығымен ерекшеленіп тұрғаны абзал.

Конкурсқа өтінім қабылдау биыл 13 наурызда аяқталған болатын. Биыл көркем, деректі және анимациялық фильм секцияларына барлығы 444 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 357 жоба Сарап­тама кеңесінің қарауына жі­берілген. Кеңес нәтижесінде 128 сценарий мен сценарий жос­пары екінші кезеңге өтті. Құжат­тардың толық пакетін тап­сыр­ған соң 99 жоба танысты­ры­лымға жолдама алды. Таныстыры­лым­ның мақсаты да сол – осы жоба­лардың арасынан ашық қор­ғау жолымен идеялық, көркемдік және өндірістік әлеуеті жоғары, лайық­­ты сценарийді таңдап алу.

Биыл ҰКҚМО ұлттық құн­дылықтар мен қоғамның маңыз­ды мүддесін алға тартатын, өзекті мәселелер жүгін арқалай­тын идеяларға басымдық бере отырып, тақырыптарды күні бұ­рын белгіленгенінен көпшілік хабар­дар. Басымдық беріліп отырған бағыттар – ел тарихы, көрнекті тұлғалар өмірі, әйелдер мен балалар құқығын қорғау, туған өлкенің бірегей таби­ғаты мен экологиясын, табиғи байлығын қорғау. Осы талапқа сай келген тақырыптарды қау­заған сценарийлер іріктеу сынына қатысуға мүмкіндік алып, мем­лекет қолдауына ие болады.

д

Сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкеновтің айтуынша, 2025 жылы қаңтарда бекітілген басым тақырыптарға сай болу, сценарийдің тұжырымдама­лық деңгейі, сюжет динамикасы, драматургиялық құрылымы, техникалық мазмұны мен кейіп­керлер бейнесінің терең ашылуы ескерілетін болады. Кәсі­би тұрғыда әділ бағалаудың маңыздылығы ескеріле отырып, әр жоба идеялық мазмұн мен драматургиялық сапа жағынан қатаң сараптаудан өтеді.

–Бізге әртүрлі жанрда жа­зылған көптеген жоба келіп түсті – тарихи драмалар, фантас­тика, әлеуметтік тақырыптар. Авторлардың жады, болмыс, отбасы құндылықтары сияқты маңызды мәселелерді көтеруге ұмтылғаны қуантады. Бұл – қазақ киносының мазмұн жағынан дамып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар кейбір сценарийлерге тұтастық пен көрер­менді баурап алатын қарқын жетіспеді. Кейбірі сериалға немесе фестивальдық форматқа жақындау болып шықты. Ал біз, ең алдымен, үлкен экранға арналған толықметражды кино күткен едік – айқын оқиға желісі, есте қалатын кейіпкерлер мен шынайы диалогтер болғанын қаладық.

Барлық қатысушыға алғыс айта отырып, питчингке өткен­дерге сәттілік тілеймін! Біз сіз­дерді үлкен дайындықпен күтеміз, – деді Бауыржан Қамалұлы.

Биылғы Сараптама кеңесінің құрамы да салмақты. Сараптау кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкенов пен оның орынбасары, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі кинотанушы Нәзира Мұқышева бастаған кәсіби киногерлер мен режиссерлерден бастап, Парламент депутаттарын қамтитын Кеңес құрамында: жазушы-драматург Роза Мұқано­ва, ақын-аудармашы, сыншы Любовь Шашкова, режиссер Ерлан Нұрмұхаметов, Мәжіліс депутаттары Ерлан Сайыров пен Сергей Пономарев, продюсер Әлия Меңдіғожина, «Kinopark Kinopiexx» компаниясының бас маркетологі Бибіжамал Бекенова, медиаменеджер Нұр­жан Мұхаметжанова, өнер­тану кандидаты Инна Смаи­лова, деректі фильмдер режис­сері Әлия Әшім, суретші-ани­матор Алтынбек Өмірзақов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, режиссер-сценарист Алмаз Қособаев бар.

Сарапшылардың жүзге жуық жобаны таңнан кешке дейін саралап, мән-мазмұнына бойлауға тырысқан жұмысы үш күнге созылды. Питчинг – режиссердің, сценарий авторының немесе продюсердің фильм өндірісіне әлеуетті инвестордың үлкен қаржысына иек арта отырып, өз жобасын қысқаша таныстыруы. Министрліктің ашық таныс­тырылым арқылы әр жобаның маңызын ашып көрсетуге жасаған талпынысы киногерлер тарапынан инновациялық тың тәсіл іспетті қабылданып, қуана құп­талып отыр. Үміткерлер арасында есімі елге белгілі танымал режиссерлерден бастап, кино әлемінің есігін енді ашып, өз азаматтық үнін естіртуге ден қой­ғысы келетін талапты жас­тар да бар. Миллиондарға баға­ла­нып отырған жобалардың жауап­кершілігін ескере отырып, мұқият талдау жасау – сарапшылар қауымына қатал сын. Әр үміткерге 5 минут уақыт бері­ліп, олар регламент аясын­да сценарийдің синопсисін баяндап, мақсат-мәнін қысқаша түсіндірді, сарапшылар қойған қосымша сұрақтарға жауап бер­ді. Жобаларды көркем, деректі және анимациялық бағыттар бойын­ша іріктеген сарапшылар материалдың темірқазық идеясынан бөлек, фильмнің қай өңірде түсірілетініне, кейіпкерлердің қалай таңдалатынына, ілгеріде осы тақырыпта түсірілген маз­мұндас фильмнен басты айыр­машылығы неде болатынына, драматургия тілінің қалай құры­латынына баса мән беріп отырды.

Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында биылғы байқау­дың жаңа ережелер негізінде жалғасатынын хабарлаған Мә­дениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Министр ретінде мен бұл үдерісті жеке бақы­лауыма алып отырмын. Сарап­тамалық кеңес мүшелері де ұлттық киноөнерінің дамуына серпін беретін мазмұнды, сапалы жобаларды іріктеу үшін бар күшін салуда. Мемлекет қаржысы есебінен түсірілетін фильмдер – халықтың мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде қабылданады. Сондықтан кинематографистер өз жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарап, мазмұнды да сапалы туындылар ұсынуға ұмтылады деп сенемін. Кино – бұл тек өнер ғана емес, мәдениетіміздің, тарихымыздың, ұлттық болмысымыз бен идео­ло­гия­мыздың көрінісі. Сон­дықтан министрлік ұлттық киноны дамыту бағытындағы жұ­мыстарды жүйелі түрде жалғас­тыра береді», деп жазған болатын.

Үздіктердің үздігі болып таныл­ған фильм мемлекеттік қар­жыландыруға ие болады және ол ұлттық фильм ретінде таны­лады. Сыннан сүрінбей өтіп, ше­шуші кезеңге жолдама алған жеңім­паздар тізімі алдағы уақытта ресми түрде жарияланады.

 

АЛМАТЫ