
Байқаудың барлық кезеңінде қатысушыларға киножобаларды іріктеу ережелерін түсіндіру мақсатында Алматы мен Астанадағы кеңселерден, телефонмен, ресми сайттан және әлеуметтік желілерден кеңес алып тұруына жағдай жасалды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали жобаларды бағалау барысындағы бірқатар талапты түсіндіре келіп, мемлекет есебінен түсірілетін әр фильмнің жауапкершілігіне назар аудартты, министрліктің тапсырысы мен қолдауына сүйенетін әр жоба сала министрінің жеке бақылауында болатынын қадап айтты. «Ұлттық кино – ұлттың рухани бет-бейнесі», ендеше ел қазынасының қаржысына түсірілетін фильмдер терең мазмұнымен және сапасының жоғарылығымен ерекшеленіп тұрғаны абзал.
Конкурсқа өтінім қабылдау биыл 13 наурызда аяқталған болатын. Биыл көркем, деректі және анимациялық фильм секцияларына барлығы 444 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 357 жоба Сараптама кеңесінің қарауына жіберілген. Кеңес нәтижесінде 128 сценарий мен сценарий жоспары екінші кезеңге өтті. Құжаттардың толық пакетін тапсырған соң 99 жоба таныстырылымға жолдама алды. Таныстырылымның мақсаты да сол – осы жобалардың арасынан ашық қорғау жолымен идеялық, көркемдік және өндірістік әлеуеті жоғары, лайықты сценарийді таңдап алу.
Биыл ҰКҚМО ұлттық құндылықтар мен қоғамның маңызды мүддесін алға тартатын, өзекті мәселелер жүгін арқалайтын идеяларға басымдық бере отырып, тақырыптарды күні бұрын белгіленгенінен көпшілік хабардар. Басымдық беріліп отырған бағыттар – ел тарихы, көрнекті тұлғалар өмірі, әйелдер мен балалар құқығын қорғау, туған өлкенің бірегей табиғаты мен экологиясын, табиғи байлығын қорғау. Осы талапқа сай келген тақырыптарды қаузаған сценарийлер іріктеу сынына қатысуға мүмкіндік алып, мемлекет қолдауына ие болады.
Сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкеновтің айтуынша, 2025 жылы қаңтарда бекітілген басым тақырыптарға сай болу, сценарийдің тұжырымдамалық деңгейі, сюжет динамикасы, драматургиялық құрылымы, техникалық мазмұны мен кейіпкерлер бейнесінің терең ашылуы ескерілетін болады. Кәсіби тұрғыда әділ бағалаудың маңыздылығы ескеріле отырып, әр жоба идеялық мазмұн мен драматургиялық сапа жағынан қатаң сараптаудан өтеді.
–Бізге әртүрлі жанрда жазылған көптеген жоба келіп түсті – тарихи драмалар, фантастика, әлеуметтік тақырыптар. Авторлардың жады, болмыс, отбасы құндылықтары сияқты маңызды мәселелерді көтеруге ұмтылғаны қуантады. Бұл – қазақ киносының мазмұн жағынан дамып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар кейбір сценарийлерге тұтастық пен көрерменді баурап алатын қарқын жетіспеді. Кейбірі сериалға немесе фестивальдық форматқа жақындау болып шықты. Ал біз, ең алдымен, үлкен экранға арналған толықметражды кино күткен едік – айқын оқиға желісі, есте қалатын кейіпкерлер мен шынайы диалогтер болғанын қаладық.
Барлық қатысушыға алғыс айта отырып, питчингке өткендерге сәттілік тілеймін! Біз сіздерді үлкен дайындықпен күтеміз, – деді Бауыржан Қамалұлы.
Биылғы Сараптама кеңесінің құрамы да салмақты. Сараптау кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкенов пен оның орынбасары, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі кинотанушы Нәзира Мұқышева бастаған кәсіби киногерлер мен режиссерлерден бастап, Парламент депутаттарын қамтитын Кеңес құрамында: жазушы-драматург Роза Мұқанова, ақын-аудармашы, сыншы Любовь Шашкова, режиссер Ерлан Нұрмұхаметов, Мәжіліс депутаттары Ерлан Сайыров пен Сергей Пономарев, продюсер Әлия Меңдіғожина, «Kinopark Kinopiexx» компаниясының бас маркетологі Бибіжамал Бекенова, медиаменеджер Нұржан Мұхаметжанова, өнертану кандидаты Инна Смаилова, деректі фильмдер режиссері Әлия Әшім, суретші-аниматор Алтынбек Өмірзақов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, режиссер-сценарист Алмаз Қособаев бар.
Сарапшылардың жүзге жуық жобаны таңнан кешке дейін саралап, мән-мазмұнына бойлауға тырысқан жұмысы үш күнге созылды. Питчинг – режиссердің, сценарий авторының немесе продюсердің фильм өндірісіне әлеуетті инвестордың үлкен қаржысына иек арта отырып, өз жобасын қысқаша таныстыруы. Министрліктің ашық таныстырылым арқылы әр жобаның маңызын ашып көрсетуге жасаған талпынысы киногерлер тарапынан инновациялық тың тәсіл іспетті қабылданып, қуана құпталып отыр. Үміткерлер арасында есімі елге белгілі танымал режиссерлерден бастап, кино әлемінің есігін енді ашып, өз азаматтық үнін естіртуге ден қойғысы келетін талапты жастар да бар. Миллиондарға бағаланып отырған жобалардың жауапкершілігін ескере отырып, мұқият талдау жасау – сарапшылар қауымына қатал сын. Әр үміткерге 5 минут уақыт беріліп, олар регламент аясында сценарийдің синопсисін баяндап, мақсат-мәнін қысқаша түсіндірді, сарапшылар қойған қосымша сұрақтарға жауап берді. Жобаларды көркем, деректі және анимациялық бағыттар бойынша іріктеген сарапшылар материалдың темірқазық идеясынан бөлек, фильмнің қай өңірде түсірілетініне, кейіпкерлердің қалай таңдалатынына, ілгеріде осы тақырыпта түсірілген мазмұндас фильмнен басты айырмашылығы неде болатынына, драматургия тілінің қалай құрылатынына баса мән беріп отырды.
Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында биылғы байқаудың жаңа ережелер негізінде жалғасатынын хабарлаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Министр ретінде мен бұл үдерісті жеке бақылауыма алып отырмын. Сараптамалық кеңес мүшелері де ұлттық киноөнерінің дамуына серпін беретін мазмұнды, сапалы жобаларды іріктеу үшін бар күшін салуда. Мемлекет қаржысы есебінен түсірілетін фильмдер – халықтың мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде қабылданады. Сондықтан кинематографистер өз жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарап, мазмұнды да сапалы туындылар ұсынуға ұмтылады деп сенемін. Кино – бұл тек өнер ғана емес, мәдениетіміздің, тарихымыздың, ұлттық болмысымыз бен идеологиямыздың көрінісі. Сондықтан министрлік ұлттық киноны дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді», деп жазған болатын.
Үздіктердің үздігі болып танылған фильм мемлекеттік қаржыландыруға ие болады және ол ұлттық фильм ретінде танылады. Сыннан сүрінбей өтіп, шешуші кезеңге жолдама алған жеңімпаздар тізімі алдағы уақытта ресми түрде жарияланады.
АЛМАТЫ