
Фото: ашық дерекөз
Оқиғаға қатысты Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев өз пікірін білдірді:
«Аса ірі көлемдегі ақпарат тарап отыр. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметінен ресми ақпарат күтіп отырмыз. Олар да бұл жағдайды жіті тексеруі тиіс».
Даудың өршуіне байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми мәлімдеме жасап, бұл деректердің қайдан шыққанына қатысты кешенді тексеріс басталғанын хабарлады:
«Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізіп жатыр», делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік ақпараттық жүйелерге бағытталған бұзу әрекеттері тіркелмеген. Бұл – деректердің мемлекеттік емес көздерден, яғни жекеменшік базалардан алынуы мүмкін деген жорамалға негіз береді. Мұндай көздерге микроқаржы ұйымдары, қызмет көрсету орталықтары, жеке деректермен жұмыс істейтін түрлі платформалар кіруі ықтимал.
Қауіпсіздік мақсатында азаматтардың eGov порталы арқылы жеке кабинетіне ескерту хабарламалар жолданатыны айтылды. Яғни әр азамат өзінің жеке дерегі аталған база ішінде бар-жоғын электронды үкімет жүйесі арқылы біліп отыра алады.
Мұндай жағдай Қазақстанда алғаш рет орын алып отырған жоқ. Мәселен, 2024 жылдың көктемінде Zaimer.kz микроқаржы ұйымының 2 миллионнан астам клиентінің деректері де интернетке тараған болатын. Сол кезде де тиісті органдар тергеу жүргізіп, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту туралы мәлімдеген еді.
Алайда бұл жолғы жағдай ауқымы жағынан әлдеқайда кең әрі қауіпті. Өйткені бұл жеке адамға ғана емес, жалпы ұлттық деңгейдегі қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Себебі тараған деректер арқылы тек алаяқтық емес, шетелдік құрылымдардың ішкі ақпараттық кеңістікке әсер етуі, азаматтарды бақылау, манипуляция жасау сынды гибридті қауіп-қатерлердің жолы ашылады.