Қоғам • Бүгін, 09:50

Сауалнама – сауатты оқырман үшін сын

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл алғаш рет 23 сәуірде Ұлттық кітап күні аталып өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық құрылтайда бекітілген атаулы күн елімізде кітапсүйер қауымның, оқырманның, баспагерлердің көптен күткен рухани мерекесі ретінде қабылданды. Ең алдымен, ұлттық әдебиетті қолдауға бағытталған бұл күн, сөз жоқ, алдағы уақытта кітап нарығына да үлкен серпіліс әкеледі деп болжанып отыр.

Сауалнама – сауатты оқырман үшін сын

Тұңғыш рет тағайындал-ған Кітап күнімен бірге, елдегі әдеби мұраны сақтау және дамыту, түрлі буын өкілдерінің кітапқа деген талғамын зерделеп, әдеби құндылықтар жүйе­сін саралау мақсатында «eGov Mobile»  қосымшасы арқылы қазақ әде­биетінің ең үздік 100 авторын анықтауды діттеген жалпыұлттық са­уалнама да жарияланған болатын.

Осыған орай Алматыдағы Meloman-Marwin кітап дүке­нін­де танымал баспагерлер – «Steppeworld» баспасының жетекшісі Раиса Қадыр мен «Ziyat» баспасының басшысы Асылан Тілеген оқыр­ман­дармен жүздесіп, бүгінге дейін жүргізіл­ген электрондық са­уалнама­ның нәтижесін жария етті. Раиса Қадырдың айтуын­ша, мау­сым айының орта шеніне дейін сауалнамаға 20 000 адам қатыс­қан. «Бұл – өте жақсы көр­сеткіш. Кітап оқу мәдениетін қайта қалыптастыру, жақсарту мақсатында бұл игі бастаманы халық өзі қолдап кетті. Кітап на­рығындағы өзгерістерді жіті ба­қылап келемін, байқағаным, соңғы бес жылда ілгерілеу бар. Шетел авторларын қазақ тіліне аудару ғана емес, өз ұлттық әдебие­тіміздің классиктерін, жас жазу­шылардың шығармаларын жарыққа шығару белсенді түрде қолға алынды. Руханияттың өркен­деуіне әсері күшті бұл басталып жатқан игі бастама болашақта өз нәтижесін алға тартады», деді Раиса Қадыр.

Баспагер «жастар кітап оқы­майды» деген жаттанды пікірмен келіспейтінін айтты. Керісінше, соңғы уақытта балаларына арнайы кітап іздеп келетін ата-аналар қатары артқан. Әр буын оқыр­манның қызығатын өз авторы бар. Оны осы сауалнама барысында белсенділігі артып келе жатқан оқырман сипа­тының өзі аңғартады. «eGov Mobile» қосымшасында 4 кітапқа дейін дауыс беру көрсетіліп, сауалнамаға қатысушы тек 4 кітапты таңдаумен шектеліп қалып жатқанымен, баспагерлер ендігі жерде әр оқырман өзі қалаған 10 кітабына дейін дауыс бере алатынын жеткізді. Ол үшін «Тағы да кітап қосу» деген батырманы басып, әрі қарай сүйікті кітаптарын енгізуге болады. Жобаның ерекшелігі сол, дәл осы кезеңде қай автордың шығармасы сұранысқа ие екенін анықтап, бұрын танымал болмаған, бірақ қалам қуаты мықты авторларды тануға мүмкіндік береді әрі әдебиет әлеміне енді есік ашқан жас қаламгерлерге жігер сыйлап, жүрегіне сенім ұялатады. 

«Жалпыұлттық сауалнама – әр сауатты оқырман үшін сын. Жастар кітапты жақсы көреді. Бірақ не оқу керегін білмейді. Бұл жоба қандай кітаптарды оқу керек деген сұрақ туғанда, кәдесіне жарайтын пайдалы тізім болады деп ойлаймын. Расында, ілгеріде әдеби айналымға түсе алмай қалған, бірақ кеңестік кезеңде оқырманы көп болған танымал шығармалар әдебиетімізде өте көп. Соларға жаңа тыныс беретін жоба болатынына сенемін. Бірақ тізімге ену үшін оны да ел тануы керек. Сауалнама туралы естімей, білмей жатқан оқырманға осы тілегіміз жетсе екен дейміз», дейді Асылан Тілеген.

Баспагерлер 23 шілдеге дейін жалғасатын қазақ әдебиетінің үздік 100 туындысын анықтауға атсалысып, әдеби талғам қалып­тас­тыруда қалыс қалмай, бел­сен­дірек бола түсуге шақырып отыр. 10 тамыз – Абай күні сауалнама мәресіне жетіп, жоба аясында анықталған 100 кітаптың тізімі жарық көреді. Жүздесу соңында бес мыңыншы және он бір мыңыншы болып қатысып, дауыс берген екі оқырман ортаға шақырылып, оларға осы жобаның серіктесі «Meloman-Marwin» кітап дүкені атынан  сертификат табыс етілді.

 

АЛМАТЫ