
А.Мақашеваның айтуынша инвестициялардың артуы зауыттардың жаңаруы ғана емес, Алматы мен Қостанай қалаларында орналасқан екі жаңа автозауыттың салынып жатқанына да байланысты. Алматыда салынып жатқан Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты CHANGAN, GREAT WALL MOTOR (Haval, Tank брендтері) және CHERY секілді танымал көліктер шығарады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қостанай қаласында KIA Qazaqstan зауытының құрылыс жобасы іске асырылып жатыр.
«Алматыдағы зауытқа 202 миллиард теңге инвестиция құйылып, жылына 120 мың көлік шығара алатын қуаты болады. 3,6 мыңнан астам адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, көлікке қажетті бөлшектерді шығаратын зауыттар да дамиды. Яғни, бұл зауыт бүкіл сала үшін үлкен қозғаушы күшке айналмақ.
Ал Қостанайдағы кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 70 000 автокөлік шығарып, 1,5 мыңға жуық жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі – 90 млрд теңге» дейді Анар Мақашева.
Сонымен қоса, Алматы қаласының индустриялық аймағында автокомпоненттер өндіретін бірлескен кәсіпорындар жұмысын бастаған, ал Саран қаласында (Қарағанды облысы) шиналар шығаратын зауыт іске қосылған.
Айта кетелік, қазірдің өзінде көлік шығаратын 8 зауытта шамамен 7 мың адам жұмыс істеп жүр. Жыл соңына дейін бұл салада тағы 5 мың адам жұмысқа орналасады деп күтіліп отыр. Ал егер бөлшек шығаратын өндіріс, логистика, автокөлік салондары мен дилерлік орталықтарды қоса есептегенде, жалпы 50 мыңнан астам адам жұмыс жасап жатыр.
«2020-2024 жылдардың аралығында көлік шығаратын зауыттар мемлекетке 139,5 миллиард теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер төлеген. 2024 жылы ғана – 36,2 миллиард теңге түскен. Қазақстанда автокөлік өндірісі табыс көзі ғана емес, аймақтардың дамуына үлес қосып жатқан маңызды салаға айналды», дейді Анар Мақашева.
Айта кеткен жөн, автокөлік өндірісі – мемлекеттік қолдауды нақты міндеттемелермен бірге алатын жалғыз сала, яғни, мемлекет көмектеседі, бірақ зауыттар да өз тарапынан талаптарды орындауы тиіс. Мемлекет саланы арнайы келісімдер арқылы қолдап, зауыттарға салық пен кедендік жеңілдіктер беріледі, ал оның есесіне олар өндіріс технологияларын дамытып, отандық компоненттерді көбірек қолдануы керек. Бұндай келісімдер алғаш рет 2010 жылы жасалды. Ал 2021 жылдан бастап, бұл сала «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң бойынша реттеліп жатыр.
«Елімізде шығарылатын көлік модельдерінің түрі көбейіп, автокомпоненттерді өзімізде өндіруге бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Қазірдің өзінде Қазақстанда автокөлік әйнектері, шанақ панельдері, мультимедиа жүйелері, орындықтар, дыбыс оқшаулағыштар жасалады. 2024 жылы Қазақстанда сатылған жаңа көліктердің шамамен 65 пайызы – өзімізде құрастырылған көліктер болған», дейді сарапшы.
Аталған пайыздық көрсеткіш, әрине, халықтың отандық көліктерге сенім артатынын, олардың сапасы, бағасы, жабдықталуы мен қызмет көрсетуі жұрттың көңілінен шығып жатқанын білдіреді. Сонымен қоса, дилерлер мен банктердің түрлі бағдарламалары арқасында жаңа көлік алу халыққа қолжетімді болып жатыр. Ал жарнамалар мен жеңілдіктер автопарктердің жаңаруына және саланың өсуіне септесіп жатыр.
Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша автокөлік өндірісінде жақсы мамандарға әрдайым сұраныс бар. Әсіресе, инженер-механиктер, сызбамен жұмыс істейтін мамандар (конструкторлар), техниктер, зауыттағы автоматтандыру мен робот техникасы бойынша мамандар, сондай-ақ дәнекерлеушілер, слесарьлар, сапа тексерушілер секілді білікті жұмысшылар қатты қажет. Сол орайда университеттер мен колледждермен бірлесіп жұмыс атқарылып жатыр. Дуальді оқыту деген жүйе бар – студенттер оқуымен қатар зауыттарда тәжірибе жинап, кейін сол жерде жұмысқа тұра алады. Мысалы Қостанайда аталған жүйе 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді, мыңдаған студент іс-тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, өңірде М.Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетімен бірлесіп Erasmus+ халықаралық бағдарламасы шеңберінде жоба іске асырылып жатыр. Ал Алматыда Satbayev университетімен бірлесіп машина жасау кафедрасының филиалы және зерттеу орталығы құрылған, онда студенттер оқуды өндірістік практикамен үйлестіреді. Кадрларды даярлауда колледждердің де маңызды рөлі бар, Қостанай мен Теміртауда компетенция орталықтары мен корпоративтік оқыту орталықтары жұмыс істейді, онда студенттер тағылымдамадан өтіп, кәсіби бағдар алып, ақылы оқуға мүмкіндік алады.
«Автокөлік саласындағы ең сұранысқа ие мамандықтардың толық тізімі жас мамандар дайындайтын барлық отандық колледждер мен жоғары оқу орындарының анықтамалық мәліметтері «Қазақстанның Автокөлік Одағының» сайтында қолжетімді екенін атап өткім келеді», дейді ол.