Туризм • Кеше

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты бірқатар елдерге ұшуға тыйым салынды – Көлік министрлігі

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайға байланысты бірқатар елдердің аумағында ұшуға тыйым салынғанын мәлімдеді. Бұл туралы министрліктің ресми хабарламасында айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты бірқатар елдерге ұшуға тыйым салынды – Көлік министрлігі

Хабарламаға сәйкес, Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан елдерінің аумағында, сондай-ақ осы мемлекеттердің әуе кеңістігінде және оған жақын аймақтарда әуе қозғалысына толық тыйым салынған.

«Бұл шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады. Ведомствоның нұсқауы отандық әуе тасымалдаушылардың барлық түрдегі рейстеріне – тұрақты, тұрақсыз жолаушылар тасымалына, жүк және техникалық ұшуларға да қатысты», – делінген комитет хабарламасында.

Осыған байланысты министрлік азаматтар мен туристерге сақтық танытып, жоспарланған сапарларға, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері мен Парсы шығанағы елдеріне баруға байланысты шешімді мұқият ойластыруды ұсынады.

Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті өңірдегі ахуал өзгерген жағдайда қосымша ақпарат жариялайды.

Сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Министрлік жауапты мемлекеттік органдармен, дипломатиялық өкілдіктермен және туроператорлармен тұрақты байланыс орнатқан. Қажет болған жағдайда, Туристік Қамқор жүйесі мен әуе компанияларымен бірлесе отырып, шетелде жүрген қазақстандық туристерді елге қайтару шаралары қабылданатыны атап өтілді.