
Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Бірінші кезеңнің қорытындысында АҚШ ең аз дауыс жинап, екінші кезеңге Қазақстан мен Франция өтті. Финалдық дауыс беру нәтижесі келесідей болды: Қазақстан – 54,68%, Франция – 45,32%. Осылайша, еліміз тарихта тұңғыш рет әлемдік басты турнирді қабылдайтын болды. 2028 жылғы әлем чемпионаты Жапонияның Фукуока қаласында өтеді. 2029 жылы әлем біріншілігін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласы қабылдайды.
Аталған спорт түрімен әлемде миллиондаған адам шұғылданады. Бір ғасырлық тарихы бар үстел теннисі бүгінде олимпиадалық спорт түрі болып есептеледі.
Еліміздің әлемдік доданы өткізу мәртебесіне ие болуы тегіннен-тегін емес. Үстел теннисі – жоспарлы түрде дамып келе жатқан бұқаралық, қолжетімді спорт түрі. Республика көлеміндегі ірі қалалардың барлығында үстел теннисі орталықтары ашылған. Өңірлерде материалдық-техникалық базаны нығайтудың арқасында үстел теннисімен шұғылданатындар саны өсіп, облыс пен аудан деңгейіндегі жарыстардың саны артты. Кейінгі кезеңде алдыңғы қатарлы спортшыларымыз елімізден бөлек, халықаралық беделді ареналарда сәтті өнер көрсетіп жүр.
Үстел теннисінің белсенді дамуы Қасым-Жомарт Тоқаев Федерация президенті болып сайланғаннан кейін байқалды. Мемлекет басшысы Ұлттық үстел теннисі федерациясын 13 жылдан аса басқарған уақытта елімізде бұл спорт түрі айтарлықтай деңгейге көтерілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде үстел теннисімен 200 мыңнан астам адам айналысады. Оның ішінде жеті мыңға жуығы тұрақты түрде шұғылданады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқушы кезінде үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер атанған. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама үстел теннисінің нағыз шебері болған. Әлемдік футбол ойынының жарық жұлдызы Криштиану Роналду да осы спорт түрін өмірлік серігі еткен. Кәсіби боксшылардың көпшілігі осы ойын арқылы шапшаң қимылдау тәсілдерін жетілдіріп отырады екен. Үстел теннисінің адам ағзасына жағымды әсері мол. Әсіресе Қытай халқы шағын тақтадағы жарыстың жай ғана ойын емес, жылдам ойлау сайысы екенін жақсы пайымдаған. Сондықтан бұл спорт түрін мектеп бағдарламасына енгізген. Үстел теннисімен шұғылданған баланың дені сау болып, өзін сергек сезінеді әрі сабақ үлгерімі жақсарады. Бұл ойынды бұқаралық мақсатта дамытқан Қытай елінің денсаулық пен спортта қаншалықты алға кеткені белгілі. Олар үстел теннисі арқылы ұлт саулығын нығайтуға болады деген берік сенімде.
Үстел теннисі – шапшаңдықты, ептілікті, зейінділікті дамытатын, дене мен ақыл-ой үйлесімін талап ететін, кез келген жастағы адам ойнай алатын спорт түрі. Аулада, мектепте, мәдениет үйлерінде ұйымдастыруға оңай, көп қаржы мен орын талап етпейді. Оны дамыту маңызы спорттық жетістікпен ғана емес, халық денсаулығы мен жастар тәрбиесімен де тығыз байланысты. Балалар мен жасөспірімдердің интеллектуалдық, физикалық дамуына жақсы әсер етеді. Қозғалыс аз қоғамда денсаулықты нығайтып, ауру-сырқаудың алдын алуға көмектеседі.
Еліміз көлемінде үстел теннисінен түрлі турнир тұрақты өтіп тұрады. Соның бірі – осы сенбі, жексенбі күндері Астана, Қарағанды қалаларында өтетін еліміздің ашық командалық чемпионатының ІІ турының матчтары. Сайыстар супер, екінші, үшінші лигалар бойынша ұйымдастырылады. Біз бұл ойындардың қорытындысы жөнінде арнайы жазатын боламыз.