
Форумды Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина ашып, бизнесті жүргізуге қолайлы орта қалыптастыру және кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау мақсатында мемлекет тарапынан қабылданып жатқан жүйелі шараларды атап өтті. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құқық қорғау саласындағы шектен шығушылықтарды жою мен нақты құқықтық ұстанымдарды қалыптастырудың маңызын жеткізді.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бікебаев кассациялық сатының енгізілуін, сот төрелігі сапасын арттыруды, тергеу соттарының жұмысын жақсартуды және электронды білезіктерді кеңінен қолдану бастамаларын оң бағалады. Сондай-ақ адвокаттардың мәртебесін көтеру мен олардың кәсіби қызметіне кедергі келтірмеу мәселелері қозғалды.
Жоғарғы Соттың судьясы Асқаржан Кенжеғарин салық төлеуден жалтаруға қатысты қылмыстарда бастапқы есеп құжаттарының, оның ішінде төленген салық сомаларын анықтаудағы маңызын атап өтті. Ол тергеу органдарының осы құжаттарға ерекше назар аудару қажеттігін еске салды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов елде ұрлықтың 53 пайызға азайғанын айтты. Сонымен қатар алаяқтық, киберқылмыс, несие және банк саласындағы қылмыстар саны артқанын хабарлап, оларды тіркеу тәртібін нақтылау қажеттігін атап өтті. Мұндай істер азаматтық-құқықтық қатынастар ретінде жиі қарастырылмайтынын да жеткізді.
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қаржы пирамидаларына қатысты және қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру бойынша нақты нормативтік қаулылар қабылдау қажеттігіне тоқталды.
РАА төрағасының орынбасары Игорь Вранчев тергеу судьяларының құзыреті мен сараптамалардың кейбір сәйкессіздіктері туралы мәселе көтерді.
Форум барысында Бас прокуратураның басқарма бастығы Дулат Әубәкіров, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, ҚР Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Қанат Нұров та сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын білдірді.
Қатысушылар арасында сындарлы пікірталас өтіп, айтылған ұсыныстар Жоғарғы Соттың алдағы нормативтік қаулы жобасында ескерілетін болды.