
Фото: Ашық дереккөз
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Тапсырыс берушінің бірыңғай терезесі» деп аталатын жаңа цифрлық экожүйені іске қосты. Бұл жүйе:
- Құрылыс процесін толық цифрландырады;
- egov.kz платформасымен біріктіріледі;
- Жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылдан бастап іске қосылған «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы арқылы 202 млрд теңгеден астам сомаға 7 746 қарыз берілген. Бағдарлама шарттарына сәйкес, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайызды, ал қалған азаматтар үшін 9 пайызды құрайды.
Сонымен қатар, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы жалғасып жатыр. 2019-2024 жылдары бұл бағдарлама аясында 7 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Ал 2025 жылы тағы 1 мыңнан астам отбасыға тұрғын үй беру жоспарланып отыр.
«2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы ТКШ-ны дамытудың жүйелі тәсілін қамтамасыз етеді: жұмыс басталғаннан бері 2 мыңнан астам көппәтерлі үй күрделі жөндеуден өтті, тек 2024 жылы – 233 нысан. 2025 жылға тағы 421 үйді жөндеу жоспарланған. Моноқалалар мен ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. «Отау», «Асыл мекен» және «Наурыз» бағдарламалары жеңілдетілген тұрғын үйді, оның ішінде екінші нарықтыда қарастырады, бұл әсіресе халқы аз өңірлер үшін маңызды», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, елімізде қалалық ортаны сапалы дамыту мақсатында жаңа құжат – «Қалаларды кешенді стандарттау» әзірленген. Бұл стандарттар қалаларды жоспарлау, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құрылысы мен қоғамдық кеңістіктерді жобалауда бірыңғай талаптарды енгізеді.