Саясат • Кеше

Аса беделді халықаралық ұйымның болашағы баянды

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті. Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы ерекше екенін айтты.

Аса беделді халықаралық ұйымның болашағы баянды

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

– Парламенттік Ассамблея – өте маңызды саяси құрылым. Қазақстан бұл Ұйымды барынша қолдайды. Мен өзім он жыл бойы Сенат Төрағасы ретінде жұмыс істедім, парламентаралық байланыстарға белсенді түрде қатыстым. Жалпы, Парламенттің жұмысын жақсы білемін, түсінемін. Қазір Парламенттік Ассамблея аясындағы бірлескен күш-жігеріміздің арқасында түркі ынтымақтастығы жылдан-жылға нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс, себебі тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсуде. Ең бастысы, елдеріміздің арасында өзара жақындасуға деген талпыныс бар. Қазақстан алдағы уақытта да түбі бір түркі халықтарының жан-жақты ынтымақтастығын дамыта беруге мүдделі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміз Пар­ламент­тік Ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын айтып, түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын екенін мәлімдеді.

– Қазақстан – Түркі мем­лекеттері ұйымының негі­зін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің эконо­ми­калық және мәдени-гума­нитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. «TURKTIME» ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының жанын­дағы Тұрақты өкілдерді тағайын­дау туралы шешім қабыл­дан­ғанына, ұйым елдері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс арта түскеніне назар аударды.

– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүр­гізіп отыр. Осының бәрі – түркі ық­палдастығын бекемдей түсе­тін маңызды қадамдар. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы саммит­терінің қорытындыларын жоғары бағалаймыз. Уағдалас­тық­тар­ды сапалы жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Жақында Мажарстанда өткен мемле­кет басшыларының бейресми кездесуі нәтижелі болды. Қазақстан осы игі үрдісті жалғастыра беруге қашанда әзір. Бұл ретте мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсындым, – деді Мемлекет басшысы.

Президент кейінгі жылдары Қазақстанда жан-жақты жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды.

ло

– Біз жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға маңызды түзетулер енгіздік. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген жаңа жүйеге көштік. Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жү­йесі жетіле түсті. Конституция­лық сот құрылды. Жергілікті би­лік түбегейлі жаңғыртыла бастады. Биылдан бастап еліміз­дегі барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланып жатыр. Еліміз­дің қоғамдық-саяси өмірінде мұн­дай ауқымды өзгеріс бұрын-соң­ды болған емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақ­стан құруды түпкі мақсатымыз деп атады.

– Бұл тұжырымның ажырамас бөлігі – Таза Қазақстан концепциясы, оны біз түбегейлі іске асыруымыз керек. Таза Қазақстан дегеніміз – тек тазалық қана емес, бұл – халқымыздың болмы­сын жаңғырту, өркениетті ұстанымдарға қарай бет бұру деген сөз. Мен халықпен, әсіресе, жастармен кездескен кезде оларға үнемі еліміздің келешегі – өскелең ұрпақтың қолында деп айтамын. Бұл – шындық, ақиқат. Сондықтан жастарымыз саналы, ақылды, көзі ашық, ұқыпты, зайырлы және адал болуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел эконо­микасының даму бағдарын айқындап, осы салада нақты реформа жүргізіліп жатқанын айтты.

– Соның арқасында 2024 жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің көлемі шамамен 290 млрд долларға жетті. Бұл – бір адамның басына шаққанда 14 мың доллар деген сөз. Бірақ алдымызда тұрған түйткілдер аз емес. Оларды ойдағыдай шешу үшін бірқатар маңызды іс-шараларды қолдану керек. Атап айтқанда: ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту, ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсету, көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру бойынша қазір белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл экономикалық өсім 5 пайыздан астам болмақшы. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін түркі мемлекеттерімен тиімді ынтымақтастықты нығайту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Астанадағы алқалы жиын «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» деген тақырыпта өтеді. Мемлекет басшысы мұны толық­тай қолдайтынын айтты. Қазіргі сын-қатерге толы алмағайып заманда өзара ықпалдастықты нығайту аса маңызды.

– Қазақстан бауырлас елдер ара­сындағы парламентаралық байланыс­қа, әсіресе, халықтық дипломатия­ға ерекше мән береді. Түркі мемлекет­терінің Парламенттік Ассамблеясы – аса беделді халықаралық ұйым, ынтымақ­тастығымызды дамытуға мүмкіндік беретін бірегей құрылым деп күмәнсіз айтуға болады. Сіздердің Ұйым аясында­ғы бірлескен жұмыстарыңыздың мән-маңызы өте зор, – деді Мемлекет басшысы.

Жиындағы қорытынды сөзінде Президент бұл кездесу түркі мемле­кеттерінің мақсат-мүддесі бір екенін айқын көрсететінін айтып, татулықты сақтау мен нығайту баршаға ортақ міндет деп атады.

– Қазақстан түркі мемлекеттерінің парламенттік дипломатиясын барынша қолдайды. Біз бәріміз тату болсақ, осы құбылмалы заманды аман-есен еңсереміз, экономикаларымыздың дамуына үлкен серпін береміз, төрт құбыламыз түгел болмақ. Бауырымыз бүтін, бауырластығымыз мәңгі болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиынға Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлері қатысты. 

Соңғы жаңалықтар