Заң • Кеше

Мемлекет басшысы аквашаруашылыққа қатысты бірқатар Заңға қол қойды

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Аквашаруашылық туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет басшысы аквашаруашылыққа қатысты бірқатар Заңға қол қойды

«Аквашаруашылық туралы» Заңның мақсаты – жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, бәсекеге қабілетті аквашаруашылық нысандарын көбейту, сондай-ақ қоршаған ортаға және адам өмірі мен денсаулығына қауіпсіз ету арқылы аквашаруашылықты тұрақты дамыту.

Құжатқа жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту мақсатында инвестициялық жобаларды ғылыми сүйемелдеу енгізілді. Соның нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен бизнеске ақпараттық-талдамалық және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ Заңда субсидиялау, жеңілдікпен несиелеу, сақтандыру, салық преференциялары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Заңда аквашаруашылық субъектілері жүзеге асыратын қызмет түрлері, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындары мен осындай қызметті жүзеге асыруға арналған учаскелер (халықаралық, республикалық және жергілікті) нақты бөлінген.

Су биологиялық ресурстарына және олардың тіршілік ету ортасына зиян келтірмеу үшін Заңда балық шаруашылығы су айдындарын ұтымды пайдаланудың негізгі қағидаты белгіленген. Сонымен қатар аквашаруашылық саласына мемлекеттік бақылау енгізілді. Бұл жануарлар дүниесін қорғау, оның өсімін молайту және пайдалану бағытындағы бақылаудың бір бөлігі саналады.

Сондай-ақ Жер, Орман, Экологиялық және Кәсіпкерлік кодекстерге, сондай-ақ 14 заңға түзетулер енгізілді.

Түзетулердің бірінші блогы заңнамалық актілерді қабылданған және қол қоюға ұсынылған «Аквашаруашылық туралы» Заңға сәйкес келтіруге бағытталған.

Жер кодексіне енгізілген түзетулермен аквашаруашылықты жүргізу үшін су қоры жерлерінің құрамынан жер учаскелерін беру мүмкіндігі белгіленді. Бұл ретте аквашаруашылықты жүргізуге арналған жер учаскелерін беру үшін конкурстық өтінімге қойылатын талаптар регламенттелген.

Орман кодексіне енгізілген түзетулермен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде балық өсіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі белгіленді.

Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған лимиттер мен квоталарды белгілеуге қойылатын талаптар қайта қаралды.

«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының жаңа нысандарымен толықтырылды.

Түзетулердің екінші блогы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылдың 3 қаңтарындағы № 429 Жарлығын іске асыруға бағытталған, соған сәйкес Экология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген. Осыған байланысты аталған мемлекеттік органдар арасында функциялар Заңмен қайта бөлінді.