Мәдениет • Кеше

Жыр бақшасының жаңа жауқазыны

170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласында жыршы Ұлдана Нұртуғанқызының «Керуен жырдың күймесінде» атты жеке концерті өтті. Қазақ ұлттық өнер университетін биыл тәмамдаған жас өнерпаз Сыр өңіріндегі Жиенбай жырау мектебінің өкілі. Қазір оның зердесінде Балқы Базар, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары сынды сыр саңлақтарының мұрасынан бастап, Көрұғлы, Едіге батыр сынды эпикалық шығармалардың үлкен қоры бар. Расында саф өнердің жұпары жұқпаған әсіреңкі әртістердің кеулеген тұсында қырық мың жолдық дастандарды жадына тоқыған жас өнерпаздың үлкен сахнаға көтерілуі – ел руханиятының жаңа тынысы һәм жарқын құбылысы, деп жазады Egemen.kz.

Жыр бақшасының жаңа жауқазыны

«Жазушы мен оқушының байланысы кітап арқылы ғана болса, жыршы мен тыңдаушы әрдайым бетпе-бет отырады. Олардың байланысы анағұрлым тығыз, бір-біріне тигізетін әсері де даусыз» дейді заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Ұлдана Нұртуғанқызының жыр кеші де байырғы бабалардың дәстүрінен алыстаған жоқ. Көрерменмен бір алқада отырып жүзбе-жүз жырлағанда шығарманың ауқымы кеңейіп, көпшілікті өзіне тартып әкетті.

Кеш тізгінін жырау, қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Алмас Алматов ұстады. Ұлдана Нұртуғанқызын балапан кезінен қабылдап алып, қанатын қатайтып өнер аспанына самғатып отырған ұстаздың еңбегі ерен. Ол талапты шәкірттің тұрақты ізденісінің нәтижесінде жыраулардың жыр қорын игеру әдістемесі ғылыми тұрғыда зерттеле бастағанын тілге тиек етті. Бұл төлтума өнердің теориялық негізінің қалыптасуы.

Алмас Алматов

Мәселен, Алмас Алматов мәтінді жаттаудың жіктелімін жасаған. Оқып отырып жаттау, біреуден естіп жаттау, бір айтқанда қағып алып жаттау, бұлар іс-тәжірибелік ес арқылы жүзеге асады. Екінші, мифологиялық ес бар. Түсінде аян беріп, не болмаса біреуден бата алып, сол маған «қонды» деп айтып жатады. Оны киелі ес деп те айтады. Жамбылдың қызыл жолбарысы, Кемпірбайдың көк ала үйрегі осы ойды тиянақтайды. Алмас Алматовтың да басынан осындай трансценденті оқиғалардың өткенін ел аузынан естідік. Құрманғазының ұстазы Ұзақ, шәкірті Дина болса, Алмас Алматовтың қабілет-қасиетін игеріп жатқан ең кенже шәкірті осы – Ұлдана Нұртуғанқызы.

Кештің келесі көрінісінде «Шыңғыснама» эпикалық дастанының «Шыңғысханның алтын кеседен шарап ішуі» бөлімі орындалды. Алмас Алматовтың жыраулық қасиеті анық көрінген авторлық шығармада ұлық қағанның бедерлі бейнесі, даңқты оқиғасы суреттеледі. Төрт том кітапқа жүк болған шығарма бүгінде Ұлдананың көкірек қазынасында сайрап тұр.

Жыр

Атақты Сүгір жыраудан қалған даналық сөйлейді: «Өнеге шашқан жыршылық – құдайға ол да құлшылық». Расында да сауабы мол сөзді насихат еткен Ұлдана Нұртуғанқызының «Керуен жырдың күймесіндегі» кеші ел жадындағы байырғы рухты қозғап, санасын серпілткен рухани мәжіліс болды. 

Кеш соңында арнаулы қонақ болып келген Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілі Жеткізген Сейітов жыршылық өнердегі арулардың қажыр-қайратын, ерен еңбегін атап өтіп, ақ батасын берді. Шығыс шайырларының ғазалын қазақ тілінде сөйлетіп жүрген ақын, аудармашы Ләйлі Құндақбай да кештің рухани маңызын айтып, жыр бақшасының жаңа жауқазынына шығармашылық табыс тіледі.