
Елімізде мемлекеттік активті жаппай жекешелендіру үдерісін 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтау тапсырылды. Мұндай мерзім Президенттің экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығында да айтылды. Жекешелендіру аясында 2030 жылға дейін мемлекеттің үлесі бар 475 компания сатылмақ. Осылайша, Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартқысы келеді. Жоспар бойынша кәсіпорындардың жартысынан астамы 2025–2026 жылдары жекенің қолына беріледі. Мемлекет тек стратегиялық маңызы бар және әлеуметтік мәні зор салаларда қалуы керек.
«Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіруге қатысты дұрыс тәсілдерді қалыптастырудың қазіргі жағдайын нақты түсіну үшін Экономикалық ынтамақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен Дүниежүзілік банк мамандарын шақыру қажет. Бұл ортамерзімді кезеңге арналған егжей-тегжейлі жоспарлы индикаторларды құруға және жекешелендіру жөніндегі кешенді жоспарды дайындауға көмектеседі. Алғашқы толқында Кеңес жүйесінен техникалық-технологиялық тұрғыдан ескірген және бұрыннан тиімсіз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар мұраға қалды. Дәл сол кезде оларды мемлекеттік жәрдем арқылы қолдау бюджетке үлкен ауыртпалық түсіретін еді. Ақырында экономикалық дағдарыс ұзаққа созылды, нәтижесін ел сезіне алмады. 2010 жылдан бері жекешелендіру бағытында көзге көрінбес кедергілер пайда болды. Жекелеген компаниялар активтері ІРО-ға дайын болмады, ішкі тазарту, қайта құрылымдау жүргізу қажеттігі сезілді. Үкіметке бірінші кезекте ІРО-ға шығатын мемлекеттік компаниялардың ішкі құрылымын реттеу мәселесін қолға алу керек», дейді сарапшы Бейсенбек Зиябеков.
Біздің экономикада мемлекет үлесі басым екені жасырын емес. Әр 30 сегменттің 20-сында мемлекеттің үлесі бар. ЭЫДҰ елдері үшін орташа көрсеткіш – 13. Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, халықаралық тәжірибеде мемлекеттік меншікті жеңілдікпен бөлу арқылы ұлттық инвесторлардың қалыптасуына басымдық беріледі.
«Бұл жолғы жекешелендіруді 90-жылдардағы науқанмен салыстыруға болмайды. Ол кездегі науқанның сыртқы сипаты да өзгеше болды. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көштік. Жекешелендірудің қандай болуы керектігіне байланысты нақты жоспар болмады. Қазір Үкіметте жекешелендіру барысын бақылауға, жоғарғы төреші рөлін атқарып, ойын ережелерін жазуға мүмкіндік бар», дейді ол.
Отандық инвестор, фармацевтика нарығындағы ірі ойыншы Мерей Сламұлының сөзінше, жекешелендірудің саяси астары да бар секілді. Мәселен, БАҚ-та Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесі ресейлік «Татнефть» мұнай компаниясына сатылатыны туралы ақпаратқа елдің назары ауды. Сонымен қатар сирек кездесетін бағалы металдардың дерегі де шетелдіктерді бейжай қалдырмады.
«Қазір әлемдік экономика бір-бірімен интеграцияланып кетті. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тағы ірі компанияның акциясын сатып алуға да мүмкіндік бар. Үкімет тек халықтың қаржы сауаттылығына емес, қор нарығы сегментіндегі сауаттылыққа да назар аударса екен деймін. Сол кезде ел көңілінде «компаниямыз немесе байлығымыз шетелге өтіп жатыр» деген қауіп сейіледі. Еліміз нарықтың бір субъектісі ретінде әлемдік үдерістерден қалыс қала алмайды. Тараптармен арадағы келісім айқын болса, зауыттарымызды сатып алушы тарап мемлекеттің экономикалық саясатына қарсы тұратын шешімдер қабылдай алмайды. Үкімет жекешелендіруге жататын нысандардың форматын әртараптандырды. Бұған дейінгі жекешелендіруде шетелдік инвесторлар тек шикізат ресурстарына басымдық берсе, енді телекомуникация нарығы да тартымды нарық ретінде таңдалып жатыр», дейді сарапшы бізбен болған әңгімесінде.
АЛМАТЫ