
– Щучье-Бурабай курортты аймағының жан-жақты дамуына зор мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі. – Салаға тартылған инвестиция инфрақұрылымдарды жаңғыртып, туристерді жақсылап қарсы алуға мүмкіндік береді. Өңір туризмді дамытуға бағытталған стратегиялық басымдық берілген жоспарды қолға алып отыр.
Өткен жылғы атқарылған шаруаны пысықтасақ, ауқымды іс атқарылған екен. Көркем табиғаттың аясында тыныққан адамдар саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Нақты мысалға жүгінетін болсақ, өткен жылы бұл өңірге ат ізін салған туристер саны бір млн-ға жуықтапты. Оның 350 мыңы шипажайлар мен қонақүйлерде орналасқан. Бұрнағы жылғы көлемнен 14%-ға көп.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурскийдің айтуына қарағанда, жаңа туристік кластерді дамыту ерекше мәнге ие. Мәселен, «Ақ бура» курорты Қотыркөл мен Жөкей көлдерінің жағалауында туристерді қабылдауға, жаңа заманның талабына толық жауап беретін көрікті кешендер салынып жатыр. Щучье көлі мен Бурабай кентінде отбасылық демалыстарға көп-көрім көңіл бөлінген. Қотыркөл көлінің жағалауында балалардың санаторийлік-курорттық демалыс аймақтарын кеңейту жоспарланған. 2027 жылы инвестор жалпы құны бір млрд теңге болатын, жыл бойы жұмыс істейтін аквапарк салмақ.
Түйінді мәселелер де бар. Балалар туризмін дамытуға жер телімдері керек. Бос жатқан жерлер де бар. Оның иелері не өздері кәдеге асырмай, не халықтың игілігіне бермей отыр. Осы арада нақты мысал келтіре кетелік. Қотыркөл көлінің жағалауында 11 балалар сауықтыру орталығы болса, соның тек төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Өзгелері табиғат ансамблін бұзып, алқам-салқам болып шашылып жатыр. Бұл мәселе әділ шешімін табуы қажет. Қазір Бурабай аудандық әкімдігі мен облыстық туризм басқармасы кәдеге аспай жатқан жерлерді есепке алып, қайтарып алудың тетіктерін іздестіру үстінде. Осы жоспар жүзеге асса, қаншама жер балалардың игілігіне жарап қалар еді.
Жергілікті билік инфрақұрылымды жаңғыртып, көлік логистикасын жақсартуға ынталы. Таяу арада курортты аймақтағы жолдар жөнделіп, су, жылумен қамту мәселесі шешіледі. Сондай-ақ ұялы байланыс пен интернет желісінің де сапасына назар аударылмақ. Тағы бір елді елең еткізетін жағымды жаңалық, биыл шілде айынан бастап екі жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Оның біріншісі, қоқыс өңдеу кәсіпорнының құрылысы болса, екіншісі Щучинск қаласының маңында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кешен құрылысы қолға алынбақ. Міне, осы кезде тамаша табиғаттың аясы жыл сайын ат көпір болып жататын қоқыстан арылады.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық туризмді дамытуға көбірек көңіл бөлмек. Келушілерге жағдай жасау мақсатында кемпинг, глемпинг салынып, велоорталық пайдалануға беріледі деп отыр. Кірпияз келушілердің көңілінен шығу үшін Астана-Бурабай бағытындағы күре жол бойындағы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсармақ.
Бүгінгі турист Бурабай баурайындағы дертке шипа ауаны жұтып, қайталанбас көрініске көз суарып, табиғаттың ай ару сипатына таңдана көз салып қана қоймай, ілкідегі әдемі аңызға да назар аударары сөзсіз.
Абылай алаңында тұрып, Көкшенің қарсы алдыңыздағы биігіне көз салсаңыз, ғажайып табиғат құбылысын айқын аңғарар едіңіз. Қылпылдаған болат қашау батпайтын көк гранит тасын бауырлай тіліп орналасқан ғажайып тас сырғанаққа жанарыңыз түссе, туған табиғаттың құдіретіне еріксіз бас иесіз. Сонау қыр жотадан басталып, еңіске қарай құлдилай құлайтын ғаламат үлкен тас сырғанақты жасау әрине, адамзаттың қолынан келмес еді. Көзбен жобалағанда, көк тастың ені жиырма қадамдай, табаны 150 қадамға жуық. Кертіліп түскен, әлде ойылған. Қалай болған күнде де жаратылыстың бұйрығымен осындай тас сырғанақ пайда болған. Екі жағы тіп-тік, жылан жалағандай теп-тегіс. Бір таңданарлығы, жалпақ табанда бармақ басындай бір бұдыр болсашы. Иненің көзіндей ойық та кездеспейді. Жергілікті жұрт бұл жерді «Тас сырғанақ» деп атайды. Айтса айтқандай, ту биіктен құлдилай құлап, етегі еңіске жететін сырғанақтың сырын ұққан кім бар екен?
Көк тастан өрілген, адамзат баласының өзі де шыға алмайтын биік шыңның ұшар басына піл шығып шөгіпті десе, сенесіз бе, сенбейсіз бе? Сенбейтіндер табылса, Бурабайдың баурайына келсін. Келген соң Абылай алаңына табан тіреп, жүзін Оқжетпеске бұрсын. Сол сәтте сонау шың басынан төрт сирағын бауырына басып шөккен піл көрінеді. Көзі өткір адам ұшы сәл жоғары қайқиған ұп-ұзын тұмсығын аңдайды. Бажайлап қарасаңыз, алақандай көзі, қауқиған құлағы, сабаудай құйрығы, қысқартып айтқанда, барлық он екі мүшесі түп-түгел. Тек жанды емес, жансыз, көк гранит тас. Есте жоқ ескі кезеңде Оқжетпес батыр қалың жау қаумалаған сәтте жаратқан иеден тілек етіп, тасқа айналыпты деседі ғой. Сонда төбесіне көтеріп алған осы піл екен деген жорамал айтылады. Әрине, аңыз. Әйтсе де, ұлт мұраты мен ұлттың ұлағатты ұлдарының арымас асыл арманы ұштасып жатқандай. Аңыз астарында туған жердің топырағын Оқжетпес батыр тәрізді қорғай білу керек. Сонда есімің ел есінен ешқашан өшпейді деген ишара жатыр.
Иә, келер ұрпаққа мұра болып қалатын өңірдің өңін сақтау бүгінге парыз. Жыл сайын кісінің көптігінен қанша көрікті болса да табиғаттың ай нұрлы ару сипатына кіреуке түсетіндігі бар. Ұлттық парк бұл мәселеге мейлінше мән беріп отыр. Жаңадан 21 санитарлық-гигиеналық орындар салынбақ. Бұл бір жағынан туристерге қолайлы болса, екінші жағынан табиғи ортадағы тазалықты сақтау үшін керек.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы