Сұхбат • Кеше

«Мақсатымыз – жайлы әрі үйлесімді орта қалыптастыру»

100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық деңгейде танылған сәулетші, «INK Architects» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Қамитов қалаларды дамытуға арналған нақты заң керек дейді. Айтуынша, жаңа қала құрылысы кодексі сапаны жақсартып, халыққа жайлы өмір сыйлайды.

«Мақсатымыз – жайлы әрі үйлесімді орта қалыптастыру»

– Қала құрылысын ре­т­тейтін жаңа кодекс қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сіз бұл құжатты сәулетші көзі­мен қалай бағалайсыз?

– Жалпы, біздегі құрылыс жобаларын келісу мен сараптамадан өткізу үдерісі біршама жедел. Бұл – елдің дамуына қолбайлау болмайтын, икемді жүйе. Осы тұста мемлекетке алғыс айту керек. Себебі шығындарды төмендетуге, бәсекеге қабілеттілікке есік ашады. Бірақ жобалау тә­сілдері, стандарттар, осы саладағы бі­лім деңгейі халықаралық дең­гейден төмен екенін мойындауымыз керек. Салдарынан тым әлсіз жобалар да пайда болып жатады. Мұны өз­гер­ту үшін батыл шешім қа­жет. Жаңа қала құрылысы кодексі қабылданарда озық халық­­­аралық тәжірибеге сүйе­ну маңызды. Мәселен, клима­ты өте қиын Дубайдың өзі ха­лық­­аралық стандарттарға сай құ­рылыс жүргізіп отыр. Ең бас­тысы – олар әлемнің кез келген елінің мамандарымен бір тілде сөйлеседі. Себебі жаһандық интег­рацияның тілі – ортақ стандарт.

– Сіздіңше құрылыс сапасын көтеріп, қаладағы өмір сүру деңгейін жақсарту үшін ең алдымен қандай бес нақты қадам жасалуы керек?

– Біріншіден, архитектура мен құрылыс сапасын арттыру үшін мамандардың білімі мен кәсіби деңгейін көтеру керек. Архитектор, құрылысшы, девелоперлер үнемі өзін жетілдіріп, тәжірибелі мамандардан үйре­ніп отыруы тиіс. Екіншіден, жобалау үдерісін халықаралық стандарттарға көшіру – міндет. Үшіншіден, ескірген, маңызын жоғалтқан құрылыс нормаларын қайта қарап, артықтарын алып тастау керек. Оның орнына көлік қозғалысы, ландшафт, конструктив, қасбет эстетикасы секілді бағыттарға екпін қою қажет. Ұлттық және жергілікті деңгейде қала құры­лысы регламенттеріне тек­се­ріс жүргізіп, дизайн-код, сыртқы жарнама ережелерін де сол регламенттер аясында енгізу керек. Төртіншіден, әр өңірге бейімделген қала құрылысының стандарты қажет. Бір ғана Алматының өзінде бірнеше регламент болуы заңды. Қазір елімізде қала құрылысы нормасы барлық өңірге бірдей – бұл кеңестік кезеңнен қалған жүйе. Ол кезде жоспарлы экономика және орталықтандырылған билік болғандықтан, типтік үйлер бір стандартпен салынған. Бесіншіден, осы реформаларды іске асыру үшін архитектор мәртебесін көтеру қажет. Себебі әлемнің көп елінде архитектор – құрылыс үдерісіндегі басты тұлға. Кей елдерде құрылысқа несие алу кезеңіне де архитектор қатысады. Бізде, керісінше, басты рөл инженерге берілген. Ал басты мақсат жобаның сараптамадан өтуі болып кеткен.

– Қазір қандай сәулеттік жобаларды жүзеге асырып жатырсыздар?

– Мен негізін қалап, басшы­лық етіп отырған компания – еліміздегі толық циклді жетек­ші сәулет бюроларының бірі. Командамызда 150 маман еңбек етеді. Портфолиомызда 600-ден астам жоба бар. Біразы халықаралық кәсіби марапаттарға ие болды. Қазір тек елімізде емес, БАӘ, АҚШ, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанда да жұмыс істеп жатырмыз. Жақында ел тарихында алғаш рет Дубай­да­ғы көпқабатты тұрғын үй кешенінің тұжырымдамасын жасадық. Әзербайжандағы жобамыз да ерекше. Каспий теңізінің жағалауындағы «Sea Breeze» курорт аймағында 50 гектардан асатын жерге жаңа туристік аймақтың жобасын жасап жатырмыз. Қырғызстанда тау баурайында және қала ішінде бірнеше жобамыз бар. Өзбекстанда жаңа тұрғын ауданның тұжырымдамасына кірістік. 400 гектар аумақты қамтитын жобада 30-дан астам бірегей сәулет нысаны қарастырылған. Мақсатымыз – жайлы әрі үйлесімді қалалық орта қалыптастыру.

– АҚШ, БАӘ және өзге елдердегі құрылыс саласы­ның ішкі тетіктерінде бізбен салыстырғанда қандай нақ­ты артықшылықтарды байқадыңыз?

– Бірінші байқағаным – шетелдегі стандарттармен жұ­мыс істеу әлдеқайда оңай, ың­ғайлы. Сол себепті, олардың сәулеті мүлде өзгеше. Бізге таңсық болып көрінетін дү­ние­лер олардың күнделікті тәжі­рибесіне айналған. Ал бізге міндетті түрде озық халық­аралық тәжірибені үйрену қажет. Меніңше, алдымен жобалау стандарты мен кезеңдерін қайта қарап, әр аймаққа жеке қала құрылысы ережелерін енгізіп, құрылыс кодекстерін заманауи талаптарға бейімдеу керек. Құрылыс материалдары бе­тон, кірпіш, әйнек – бізде де, шетелде де бірдей. Бірақ жұ­мыс істеу тәсілі мүлде бөлек. Ал ол тәсілді заңнамалық база айқын­дайды. Сондықтан бір материал әр елде әртүрлі нәтиже береді.

 

Әңгімелескен –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»