Банк • Кеше

Банктер туралы жаңа заңнан не күтеміз?

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасы дамуға кедергісін тигізетін ескі нормалардан тазарып, өзекті, ыңғайлы және қолжетімді форматқа ие болмақ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бірінші кезекте қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

Банктер туралы жаңа заңнан не күтеміз?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Тәуелсіз директорлар институты дамиды

Жаңа заңның құрылымы не­ғұрлым интуитивті: банкті ашу және лицензиялау рәсім­дері­нен бастап банкті тарату рәсім­деріне дейін банктің өмірлік циклінің қисынына бағынады. Негізгі өзгерістердің ішінде – тәуекелдерді басқару, ішкі аудит және комплаенс бағыттарының басшыларына біліктілік талаптарын енгізу бар. Бұл стратегиялық шешiмдер жекелеген реттеушi нормаларды бiртiндеп ырық­тан­дыру аясында басқару құ­ра­мы­ның жауапкершiлiгiн арт­тыруға ықпал етеді деген үміт бар.

Акционер, клиент және басқа стейкхолдерлер мүддесінің теңгерімін қамтамасыз етуде маңызды рөл берілген тәуелсіз директорлар институтын дамыту болжанып отыр. Олардың қаты­суы объективті және салмақты шешімдер қабылдауға әсерін тигізеді, бұл банк жүйесіне деген сенімді нығайтады және оның орнықты дамуына ықпал жасайды. Реформалар стрестік активтерді басқару жөніндегі ұйымдарға да қатысты: өндіріп алынған мүліктің банк балансында болу мерзімін қысқарту және талап ету құқықтарын беру мүмкіндігін шектеу көзделеді. Бұл активтерді экономикаға қайтаруды жеделдетіп, олармен жасалатын операциялардың ашық­тығын арттыруы тиіс. Тұтас­тай алғанда, ұсынылған өзге­рістер жүйелік тәуекелдерді төмендетуге, қаржы секторының тұрақтылығын арттыруға және неғұрлым тиімді және ашық қаржылық экожүйені қалып­тастыра отырып, тұтынушы­лар құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.

 

Талап пен шектеу күшейеді

Қазақстанда банктік лицен­зия­ның жаңа «базалық» түрі пайда болады. Бұл жаңалық та жаңа заң жобасына енгізіліпті. «Базалық лицензияны енгізу нарыққа жаңа банктердің кіру шарттарын жеңілдетеді және бәсекелестікті арттырады, сондай-ақ экономикаға несие беруге оң әсер етеді» деп нақтылайды ҚНРДА өкілдері.

Базалық лицензия белгілі бір операцияларға әмбебап шектеу­лерден ерекшеленеді. Сондай-ақ операциялардың ауқымы шектеліп, байланысты тараптарға кредит беруге тыйым салынады. Операцияларды шектеумен қатар кейбір пруденциялық талаптар да төмендетілмек: капитал, өтімділік және басқа да көрсеткіштер бойынша талаптар, сондай-ақ есептілік санын азайту жоспарлануда.

Қаржы ұйымдарын пру­денциалдық реттеу және әдіс­нама департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, банктерге қаржылық емес ұйымдардың, оның ішінде маркетплейстер мен финтех-ұйымдардың капиталына қаты­суы шектеледі. Заң жобасына сәйкес, банк өз капиталының 10%-ынан аспайтын сомаға кез келген қаржылық емес ұйымның капиталына қатыса алады.

 

Банктерге қандай тыйым бар?

Базалық лицензиясы бар банк­тер бейрезиденттерге несие бере алмайды. Сонымен бірге банкпен ерекше қатынастармен байланысты клиенттерге заем бере алмайды, күрделі қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асыруға, шетелде филиалдар мен еншілес ұйымдарды ашуға да тыйым салынады.

«Базалық лицензиясы бар банктер жеке тұлғалар үшін 10 млн теңгеден аспайтын кө­лемде мерзімді және жинақ депо­зиттерін аша алады. Осын­дай лицензиясы бар нарық ойыншылары үшін жарғылық капиталдың көлемі 10 млрд теңгеден аспауы тиіс. Әмбебап лицензиясы бар банктер үшін капитал бойынша шек 20 млрд теңгеден жоғары болуы тиіс», дейді Дәурен Сәлімбаев.

Мұндай лицензиядағы банк­тер үшін ең төменгі жарғылық капитал (базалық лицензия үшін – 10 млрд теңге) және пруден­циалдық нормативтерге қойылатын талаптар төмендейді. Сонымен қатар мұндай банк­терге қатысты қадағалау процедуралары, есеп беру және банктің тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын талаптар қысқартылады. Қазір елдегі 12 МҚҰ-ның капиталы 10 млрд теңгеден асады (базалық лицензия алуға жеткілікті). Ал 2 ұйым KMF және BNK Finance Kazakhstan банк лицензиясын алуға рұқсат алып қойды.

Жаңа заң экономикалық бел­сенділікті ынталандырудың және финтех-секторды одан әрі сер­пінді дамытудың өзекті міндет­теріне жауап береді деген үміт бар.

 

АЛМАТЫ