
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Саягүл Сапарованың айтуынша, «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі арқылы өңірдегі 63 білім беру, 8 дене шынықтыру, спорт, 6 денсаулық сақтау мекемесіне мониторинг жүргізілген. Мониторингтің нәтижесімен 132 миллиард теңгенің жұмсалуына ден қойылыпты.
«Мәселен, былтыр Мақат ауданының Доссор кентіндегі С.Шәріпов атындағы мектеп-интернаты бас есепшісінің карт-шотына жалақы түрінде түскен 8 миллион 126 мың теңге, ал білім ордасының директорына 11 миллион 746 мың теңге аударылған. Осыған байланысты ықтимал қаржылық бұзушылық анықталды. Тексеруден соң бас есепшіге өткен жылғы еңбекақыдан 2 млн 421 мың теңге, іссапар үшін 51 мың теңге, сыйақыға 250 мың теңге, директорға жіберілген 217 мың теңге, сыйақы үшін 593 мың теңге кәсіпорын шотына кері аударылды», дейді Саягүл Сапарова.
Департамент өкілінің дерегіне қарағанда, Исатай аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептерде де осындай кемшілік кездесіп отыр. Қазір негізсіз аударылған қаржыны бюджетке кері қайтару шаралары қолға алыныпты. Мұндай жайт Атырау қаласында орналасқан Н.Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында, С.Зиманов атындағы №37, Н.Балғымбаев атындағы №42, Ө.Атамбаев атындағы №8, Б.Нысанбаев атындағы, №43 орта мектептер мен №44 мектеп-гимназияда да анықталған.
«Биылғы қаңтарда Атырау қаласында орналасқан Ә.Жангелдин атындағы орта мектебі қызметкерінің карт-шотына жалақы үшін 1 миллион 627 мың 156 теңге қаржы аударылған. Бұған 1С бағдарламасымен «қазынашылық клиент» арқылы банктегі жеке сәйкестендіру кодынан кеткен қате себеп болғаны анықталды. Сол себептен 26 қаңтарда аталған қызметкердің карт-шотынан артық аударылған 813 мың 578 теңге мектептің есепшотына кері қайтарылды. Осындай қателікпен ақша аудару Жылыой ауданының Д.Жазықбаев атындағы №16, Абай атындағы №5 орта мектептерде де анықталып отыр», дейді С.Сапарова.
Мұндай қаржылық бұзушылық тек мектептің ғана емес, басқарма есепшілерінің тарапынан да болғаны анықталған. Демек білім беру саласындағы есепшілердің жалақыға есептелген қаржыны аудару кезінде қателікке жиі ұрынады. Мұның себебі неде? Департамент өкілінің пікірінше, білім саласындағы есепшілер бірнеше мектепте жоғары жүктемемен жұмыс істейді. Бұл – Еңбек кодексінің талаптарына қайшы әрекет.
«Облыстық білім беру басқармасы мектептерде есепшілердің жетіспейтінін алға тартты. Қазір облыс орталығында 431 есепші, 89 экономист, 55 қаржыгер жетіспейді. Осыған орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан жұмыссыздар есебіне алынған есепшілер мен экономистердің, қаржыгерлердің тізімін сұраттық. Сол мәліметке сәйкес Құрманғазы ауданында 40, Махамбетте – 36, Жылыойда – 30, Қызылқоғада – 23, Мақатта – 12, Исатайда – 10, Индер ауданында 8 маман жұмыссыздар тіркеуінде тұр. Облыстық білім басқармасына еңбек кодексіне сәйкес анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіруді міндеттейтін хат жолдадық. Бірақ басқарма тарапынан аталған ұсынылған хабарламалар орындалмады. Енді атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы ақпаратты күтіп отырмыз», дейді С.Сапарова.
Департамент өкілінің дерегіне сүйенсек, Атырау облыстық обаға қарсы күрес стансасы қызметкерінің карт-шотына 20 наурызда 9 миллион 750 мың 555 теңге аударылғаны анықталған. Мұны есепшілер мекеме басшысының бұйрығына сәйкес аталған қызметкерге механиктің лауазымдық міндетін қосымша атқару жүктелгенімен түсіндірді. Сол үшін төленетін қосымша жалақы пайыздық көрсеткішпен қате есептеліп, 9 миллион 606 мың 108 теңге артық аударылған. Бұл қаржы мекеменің шотына кері қайтарылды.
«Біз осындай бұзушылықтарды қалпына келтіру үшін әкімгерлерге хабарлама жібереміз. Олардың бізге берген жауабын талдайтын болсақ, барлығында қате аударым жасалғаны алға тартылады. Бірақ мынадай сауалдар туындайды. Егер есепші қателескен болса, «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі жүйесімен анықталғанға дейін бірде-бір қызметкер артық қаржыны неге өз еркімен қайтармаған? Ал есепшілер артық аударылған қаржыны кері қайтаруға неге қадам жасамады?» дейді С.Сапарова.
Аталған департаменттің директоры Мәулен Мүтиевтің мәліметінше, былтыр бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына байланысты 59 аудиторлық тексеру жүргізілген. Тексеру кезінде 34 452,8 миллион теңгенің бұзушылығы анықталған. Оның ішінде 29 648,6 миллион теңге – қаржылық бұзушылық.
«Есепті кезеңде камералдық бақылау арқылы 17 450 мемлекеттік сатып алу заңдылығы қамтылды. Оның ішінде 4 702 мемлекеттік сатып алу бойынша 45 325,0 миллион теңгенің заң бұзушылығы анықталды. Департамент тарапынан 672 лауазымды тұлға жалпы сомасы 45 миллион теңгенің әкімшілік жауапкершілігіне тартылып, бюджетке 42,4 миллион теңге өндірілді», деді М.Мүтиев.
Ішкі аудит департаменті анықталған бұзушылықтарды жою, оған жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы аудит нысандарына арнайы нұсқамалар жолдапты. Соның қорытындысымен 41 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Атырау облысы