Тарих • Кеше

«Бай қала» – қайғы-қасірет мекені

140 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданындағы Жар­­қын ауылының түбінде сталиндік тоталитарлық режім­нің тағы бір қылмысын әйгілеген ескерткіш-тас тұрғызылды.

«Бай қала» – қайғы-қасірет мекені

Осынау ескерткіштің қасынан өткен адам зарлаған ана, жылаған бала, уһілеген атаның дыбысын естігендей. Кеше ғана елді ел қылып, халықты ақыл-ойымен, абыройымен ұйытып ұстаған құрметті адам атаулының бәрін «бай» деп бала-шағасымен, кәрі-құртаңымен бірге бұрын Түмен ауылы деп аталған осы жерге айдап әкеліп, мал құсатып істік темірлі сымдармен қоршалған ашық аспанның астындағы аранның ішіне қама­ған. Оны өздері «концентрациялық лагерь» деп, ал халық «Бай қала» деп атаған. Бұл оқиға ірі байлар­ды тәркілеп, жер аударғаннан ке­­йін, қызыл комиссарлардың 1930-1931 жылғы ұжымдастыруды қолға алған тұсы деп болжауға болады. Соңғы мәліметтерге қарағанда мұн­да 105 бай мен орташаның отбасылары қамалғаны туралы деректер табылған. Қ.Мұқановтың жазуына сәйкес, олардың саны ­200-ден асады. Әрбір дәулетті адамның отбасында кемінде 7-8 адам болса бұл жерде кем дегенде 700-800-дей ­адам азап шеккен.

Қамалған халықтың кімдер екенін жазып, санын көрсеткен құжат та толтырылмаған. Алғашқы кәмпескеде адамдардың аты-жөні, тәркіленген мал-мүліктің саны көрсетілген болса, бұл жолы ешқандай қағаз толтыруды да ешкім қажет деп санамаған. Бұл – қызыл комиссарлардың ешкімге есеп бермей, шектен шыққан аюандығының аса түскенінің белгісі. Жапа шеккендердің есімдері туған-туыстары арқылы беріліп, халықтың есінде қалған. Қанішерлер бұл істің қателігіне тек бір сөзбен қарсылық білдірген адам болса, сұраусыз-тергеусіз атып тастап отырған. Есілбайдың Шай­­мердені деген кісіні «мыналар аштан өледі ғой» дегені үшін ғана НКВД-ның жендеттері киіз үй­дің ішінде атып тастаған. Тіпті ар­ты­­нан іздеп келген ағайын-туған­дарына марқұмның мәйітін де бер­мей, «осы жерде шіріп қал­сын» деп қорқытқанын естіген бір інісі кейін­гілерге жеткізген. Ал Шай­мер­деннің мәйітін туыстары артынан ұрлап әкетіп қана көмген екен.

д

Осынау қасіретті жердің орнына ескерткіш-тас қоюды Солтү­стік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, Ти­ми­рязев ауданының әкімі Ерлан Жаров қолдап, көмек қолын созды. Ал лагерьдің орнын тауып, тағылық қылмыс жасалған жерді жергілікті өлкетанушы Дәстен Бай­мұқанов ақсақалдардың айтуы­­мен анықтаған. Одан бұрын тарих­шы Қайролла Мұқанов марқұм да бұл туралы мақала жазған. Он тон­налық алып тасты Есіл бойынан жеткізіп, оны орнатуға жергілікті кәсіпкерлер көмек қолын созды. Солардың ішінде өздерінің де туыстары осында қамалған Нағашыбай Барлыбаев, Серік Байқуанышев сияқты азаматтар бар.

Ескерткіш тастың ашылу рәсі­мінде Қуғын-сүргін құр­бан­да­рын толық ақтау жөніндегі мем­ле­кеттік комиссия жобалық кеңсе­сінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Қасы­мов сөйлеп, бұл лагерьдің «Қазақ­стандағы Кіші Қазан» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру бары­сында байлар мен кулактарды, негі­зінен олардың отбасыларын басқа жаққа көшіруге дейін қа­мау­да ұстау үшін жасалғанын айтты.

«Байлар мен орташалардың өздерін мал-мүлкін тәркілеген соң тұтқындап, Қызылжарға айдап әкетіп отырған. Онда, ешқандай санкциясыз, сотсыз, дұрыс тамақтандырылмай, бірнеше ай бойы қамауда ұстаған. Кейбіреулері аштықтан, аурудан сол жерде қайтыс болған, тірі қалғандары сотсыз атылған, өзге аймақтарға жер аударылған. Біздің деректер бойынша, «Бай қалада» негізінен байлардың отбасы мүшелері – әйелдері, балалары, олармен бірге тұратын бауырлары мен әпке-қарындастары, басқа да жақын туыстары қамауда болған. Біз қуғын-сүргін жылдарындағы қазақ отбасылары көрген трагедия­ны, адам шығынын әлі іргелі зерттеген жоқпыз. Әсіресе жазықсыз қырылған балалардың санын әлі күнге дейін анықтай алмай отырмыз», деді заңгер.

Зерттеулерге қарағанда кон­цен­­трациялық лагерьлерді больше­виктер ұлан-ғайыр елдің бар­лық жерінде ашқан. Сабыр Қасымов бұрын ашқызбаған архивтерден Мемлекеттік комиссия осындай бассыздықтарға құрық берген құпия құжаттарды тапқандарын атап берді. Олардың бәрі «бай-құлаққа» жатқызылған адамдардың бәрін аямай жазалау­ды көздейді.

Әзірге Мемлекеттік комиссия сол жылдарда 801 мыңнан аса адамның тәркілеуден жапа шек­кенін, соның көбі әлі күнге ақ­тал­мағанын анықтаған. 161 мың­нан аса бай мен орта­ша­ның шаруа­шылықтары кәм­пес­келенген. Мұны большевиктік-ста­линдік би­лік­тің халықты тонауының бір фор­­масы, жүген-құрықсыз қуда­лап, атып-асу қылмысы деуге болады.

Өзінің сөзінде облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Кемел Оспанов «Бай қаланың» орны қайғы-қасіреттің мекені екенін атады.

«Қойылған ескерткіш-тас – ста­линдік-большевиктік биліктің халыққа қарсы жасаған сұмдық әре­кеттерін ұмыттырмайтын белгі. Ондайдың болашақта ешқашан да болмауы керектігін көрсетіп тұратын естелік», деді ол.

Осы жерде Астана қаласын­дағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының филиалының бас маманы, про­фессор Гүлнәр Мұқанова құрас­тырған «Бай қала» концлагері» атты кітап­тың тұсаукесері болды. Онда «Бай қала» туралы көз көргендер мен естіген жандардың естеліктері, зерттеушілердің еңбектері, сондай-ақ адамгершіл-гуманистік қағидаттарды аяқ­қа басып, адамдарды аямай жаныштап, қорлауға құрық берген құжаттар жарияланған. Соңы­нан әруақтардың рухына құран ба­ғышталып, ас берілді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Тимирязев ауданы,

Жарқын ауылы