Футбол • Кеше

Тағы да жеңілдік...

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы келесі жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу аясындағы кезекті турды өткізді. «Астана Арена» стадионында Солтүстік Македония ұлттық құрамасына қарсы өткен матчта 0:1 есебі тіркелді.

Тағы да жеңілдік...

Тартысқа толы ойынның 33-минутында Алек­сандр Трайковски соқ­қан гол қонақтардың еншісіне 3 ұпай жазды. Әли Әлиев баптайтын біздің жігіттер барын салып ойнады. Екі таймда да басымдық танытып, қысым жасап, дүркін-дүркін шабуыл бір толас­та­мады. Максим Самородов пен Дастан Сәтбаевтың соққылары македониялықтар қақпасының бірде бағанынан, енді бірде маңдайшасынан кері қайтты.

Матчтан кейін пікір білдірген ұлттық құраманың бас бап­кері Әли Әлиев стадионға келген жанкүйерлердің алғаусыз қолдауына зор алғысын жет­кізді.

– Футболшыларымызды жігерлендіріп, ерекше атмосфера орнатқан жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Жігіттер барын салды, дайындықты да тыңғылықты өткіздік. Ста­дионда көгілдір экраннан та­машалаған қалың көрермен тартысқа толы ойын көрді. Біз соңына дейін күресеміз деп серттескен едік, уәдемізді жұт­падық. Гол соғатын мүм­кін­дігіміз көп болды. Матч алдында қарсылас құраманың ойын өрнегін көріп, сараладық. Еу­ропаның беделді чемпионаттарында ойнайтын ойыншылар шарболаттай шыңдалған. Олар Уэльс пен Бельгия ұлттық құра­маларына қарсы да қайсар мінез көрсетті. Соның барлығына біздің жігіттер психологиялық тұрғыда дайын болды, – деді бас бапкер.

Бұл ойынға бірқатар футболшы қатыспады. Құраманың бас бапкері алаңға шықпаған ойын­шылардың өзіндік себе­бін де түсіндірді. Оның айтуын­ша, медициналық штаб Түр­кия­ның «Бешикташ» клубында ойнайтын Бақтияр Зайнутдиновті жарақатына байланысты матчқа қатыс­тырмау жөнінде ресми өтініш жолдапты. Бірақ Бақ­­тияр ойынға қатыспаса да жігіт­тер­ді қолдауға арнайы келді. Меди­ци­налық тек­­серістен өткеннен кейін Геор­гий Жуковтың да жара­қа­тынан құлан таза айық­па­­ғаны анықталған. Рамазан Оразов Дания­ның «Силькеборг» клу­бын­да жиі алаңға шықпауы себеп­ті, ойын тәжірибесі аз­дық еткен­діктен де қатарға қосылмаған.

Біздің жігіттер Солтүстік Македония ұлттық құрамасына қар­­сы ойын алдында сырт алаң­да Беларусь құрамасымен жол­дастық кездесу өткізіп, 4:1 есебімен жеңілді.

Асхат Тағыберген ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынын өткізіп, жанкүйерлермен қоштасты. Алаңға жігіттерді бас­тап шыққан саңлақ өкшелеп келе жатқан кейінгі толқынға тізгінді беретінін мәлімдеді.

– Солтүстік Македония ұлттық құрамасына қарсы матч – ұлттық құрама жейдесіндегі соңғы ойыным. Бұл шешімге отбасыммен ақылдасып кел­дім. Жастарға кезек беретін кез жетті. Футбол – бәсекемен шыңдайтын спорт. Футбол әлеміндегі мансабымды клуб сапында жалғаймын. Осы «Астана Арена» стадионын­да 30 мың көрерменнің көз алдында азулы Дания құра­ма­сын жеңгеніміз, сол тартыс­та соққан голым жүрегімнің түк­пі­рінде мәңгі сақталып, еш­қа­шан ұмытылмайды. Ұлттық құраманың мүшесі атанғаныма, капи­тандық міндетті арқала­ға­ныма қуаныштымын», деді талантты футболшы. Ол 2014 жылы 23 жасында ұлттық құ­рама қатарына қосылып, алғаш­қы матчын Мажарстан құра­масына қарсы өткізді. 11 жыл ішінде бас команданың намысы үшін 64 матчқа қатысып, 3 гол соқты, нәтижелі 7 пас берді.

Ұлттық құрама келесі матчты да өз алаңында өт­кізеді, 4 қыр­­күйекте Уэльс футболшыла­рына қарсы ойнайды. Әлем чемпионатының финалына іріктеу сынын J тобында өткізетін еліміз құ­рамасының еншісінде әзірге 3 ұпай ғана. Көш басында 8 ұпай жинаған Солтүстік Македония тұр. 4 ойын өткізіп, ­7 ұпай еншілеген Уэльс құ­рамасы 2-сатыда. Бельгия футболшылары 2 матчта 4 ұпай жинады. Көш соңында ұпайы жоқ Лихтенштейн құрамасы келеді.

Келесі жылы үш мемлекет: АҚШ, Канада һәм Мексика елі тізе қосып өткізетін әлем чем­пионатына Өзбекстан ұлт­тық құрамасы да қатысады. Орталық Азиядағы бес туыс­қан елдің ішінен алғаш болып өзбек футболшылары жаһандық мундиалдың до­дасына түседі. Азия футбол қауымдастығына мүше Өз­бекстан ұлттық құрамасы жол­дама үшін Иран, БАӘ, Қатар, Қырғызстан, Солтүстік Корея құ­рамаларымен тартысқа түсті. Алты команда арасынан үздік шыққан Иран мен Өзбекстан футболшылары әлем кубогіне қатысу мүмкіндігін еншіледі. Өзбек футболшыларын тарихи жетістікке жеткізген жер­гілікті маман – Тимур Кападзе. Спортқа ұлттық мүдде тұрғысынан қараудың үлгісі осындай болса керек.