
Бастауын VII ғасырдан алатын көне қала басындағы салтанатты жиында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев шаһарды жан-жақты зерттеп, сақтау және түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі жайлы тарата айтты. 2023 жылы басталған зерттеу жұмыстарына елімізден бөлек Өзбекстан ғалымдары да қатысқан.
«X ғасырға дейін Сырдария оғыздары мемлекетінің астанасы болған шаһар Еділ-Орал өңірі мен Мәуереннаһр, Хазар қағанаты мен Хорезм арасында маңызды сауда және мәдени байланыстар торабына айналды», деді Шаһин Мұстафаев.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Онаева, Қоркыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Майнұр Бөрібаева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, Самарқанд археология институтының маманы Айсұлу Искандеровалар қатысқан жиында бірлескен жұмыс нәтижесінде табылған жәдігерлер VII–X ғасырларда Сырдария өңіріндегі түркі-оғыз мәдениетінің қалыптасу және даму сатыларын нақтылауға мүмкіндік беріп, орта және төменгі Сырдария аймақтарындағы этникалық жүйелер туралы түсініктерді айтарлықтай кеңейтетіні айтылды.
Табылған ең құнды олжалардың бірі – IX ғасырға тән оғыз дәуірінің теңгелері жасырылған күміс көмбесі. Бұл қаланың Жібек жолындағы ірі сауда және мәдени орталық ретіндегі маңызын көрсетеді.
Археологиялық зерттеулер – Түркі Академиясының ғылыми қызметіндегі басты бағыттардың бірі. Былтыр Академия тарапынан Маңғыстау облысында оғыз-қыпшақ дәуірінің қорымдарын зерттеуге арналған ғылыми экспедиция ұйымдастырылса, қазір Моңғолиядағы Номғон жазығында Түркі қағанаты дәуіріне жататын мемориалдық кешенге қатысты дала жұмыстары жалғасып жатыр.