
Кеңес отырысы барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және парламентаралық байланысты дамыту бойынша жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру барысын талқылады.
Жогорку Кенеш делегациясын қарсы алған Мәжіліс спикері қазақ пен қырғыз халықтарын ежелден ортақ тарихы, ұқсас тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті біріктіретінін атап өтті. Ал екі ел арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынастың тамыры тереңде жатыр.
– Мемлекет басшыларымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Садыр Нургожоевич Жапаровтың салиқалы саясатының, өзара түсіністік пен достығының арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте қарқынды дамып келеді. Біздің көшбасшыларымыздың екіжақты кездесулерінің қарқындылығы парламентаралық байланыстардың жиілігіне де тікелей әсер етеді.Біздің ендігі мақсатымыз – осы екпінді сақтап, одан әрі нығайту, – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс спикері Президенттеріміз ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап, оларды жүзеге асыру үшін нақты міндеттер жүктегенін баса айтты. Оның негізгілерінің бірі – 2030 жылға қарай екі ел арасындағы тауар айналымын 3 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу. Мәжіліс екі апта бұрын ратификациялаған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартта ынтымақтастықтың жаңа институционалдық негіздері айқын көрсетілген.
– Бұл ауқымды құжат парламентаралық байланысты нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Біздің парламенттерге жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын қадағалау функциясы жүктелген. Осы ретте екі ел үкіметі белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Өз кезегінде біздің парламенттер оларды заңнамалық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз етуде, – деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ ол қазақ-қырғыз қарым-қатынасының барлық саласын қамтитын 150-ден астам құжаттан тұратын берік шарттық-құқықтық базасы қалыптасқанын айтты. Олардың ішіндегі ең маңыздылары – Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері маңындаиндустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісім.
Өз кезегінде Нурланбек Тургунбек уулуекіжақты мәселелерді шешуде Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің рөлін ерекше атап өтті.

Кеңес отырысы барысында депутаттар сауда-экономика және логистика салаларындағы әріптестікті нығайту мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы Индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылысын одан әрі жүзеге асыру, шекаралық бақылау-өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ Алматы-Ыстықкөл автожолын салу жобасы бар.
Сонымен қатар тараптар екіжақты форматта және Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы, ТүркПА және басқа да халықаралық парламенттік ұйымдар аясында ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Отырыста инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері, туризм, экология және климаттың өзгеруі салаларындағы жобалар да қарастырылды. Мәжіліс спикері Қырғызстанның мұздықтарды сақтау және халықаралық тау диалогын белсенді дамыту жөніндегі бастамаларын қолдайтынын айтып, Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға шақырды.
Сапар барысында Жогорку Кенеш төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінің құрамына кіретін Jibek Jolyреспубликалық телеарнасында болды. Нурланбек Тургунбек уулуна телерадиокомпанияның негізгі жұмыс бағыттары мен «Silk Way Central Asia» халықаралық медиа жобасы таныстырылды. Жобаның мақсаты – Орталық Азияда біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптастыру және жаһандық медиа алаңда аймақ елдерінің мүдделерін ілгерілету. Silk Way телеарнасы алты тілде, соның ішінде қырғыз тілінде хабар таратады. Хабар тарату аумағы300 миллионнан астам әлеуетті аудиториясы бар 120 елді қамтиды. Алдағы уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанның ұлттық телекомпанияларымен контент алмасу және әріптестік қарым-қатынасты дамыту жоспарланып отыр.
Сапар аясында парламенттер делегацияларыҚалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрына барады. Қонақтардың назарына Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасыбойынша Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов қойған «Қызыл орамалды шынарым» драмасы ұсынылады.