
Салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басшылығы, халықаралық серіктестер мен жетекші логистикалық компаниялардың өкілдері қатысты. Жобаға тікелей атсалысып, оның сәтті жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға арнайы марапаттар табысталды.
«Бұл жобаның сәтті жүзеге асуына атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын. Қазақстан үшін транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту – стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Осы жолда «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚТЖ бірлесіп, тек елімізде ғана емес, шетелде де ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Соңғы он жылда ҚТЖ мен Қытайдың Ляньюньган порты арасындағы әріптестік аясында Ляньюньганда Қазақстан-Қытай терминалы, Қорғас қақпасындағы «Khorgos Gateway» құрғақ порты ашылды. Енді міне, Ақтауда контейнерлік хаб іске қосылды. Бұл – еліміздің көлік-логистика саласындағы ілгері қадамы», деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Жаңа хаб еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттырып, Қазақстанның Шығыс – Батыс, сондай-ақ Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін нығайта түседі. Заманауи логистикалық инфрақұрылым мен елімізде теңдесі жоқ жаңа технологиялардың арқасында контейнерлік жүктерді өңдеу едәуір жылдам жүзеге асады.
Нысан жұмысының басталуын Қытайдан келген 100 мыңыншы контейнердің келуімен атап өтті. Бұл жүк Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТМТМ) бойынша жеткізілген.
Айта кетейік, жоба «KTZ Express» акционерлік қоғамы, Қытайдың ең ірі теңіз айлақтарының бірі – Ляньюньган порты және «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ арасындағы серіктестік негізінде жүзеге асырылған.
Жобаның бас мердігері – Қытайдың ірі мемлекеттік корпорацияларының бірі саналатын China Communications Construction Company (CCCC) консорциумы. Компания көлік инфрақұрылымын салуда және порт құрылысы саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибеге ие. Озық техникалық шешімдері мен тиімді құрылыс басқару жүйесінің арқасында хаб қысқа мерзім ішінде іске қосылып отыр.