Жұмыс • Кеше

Еңбек нарығындағы ауқымды өзгерістер талқыланды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Женева қаласындағы Ұлттар сарайында өткен Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясында еліміздің Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ұйымның нақты ұсыныстарын жария етті. Оның мәлімдеуінше, бұл саладағы бастамалар тек өз еліміз үшін ғана емес, сондай-ақ өтпелі экономикасы бар басқа мемлекеттер үшін де пайдалы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбек нарығындағы ауқымды өзгерістер талқыланды

Біріншіден, экономикалық немесе инвестициялық жоспар жасалғанда, оның еңбек нарығына қалай әсер ететінін міндетті түрде алдын ала бағалау керек. Ол үшін бағалау тетігін енгізу қажет. Инфрақұрылымдық жобалардан бастап сауда келісімдеріне дейінгі кез келген ауқымды бастама қабылданарда оның лайықты еңбекке тигізер әсері жан-жақты саралануы тиіс. Екіншісі – жасанды интеллект және платформалық жұмыспен қамту саласына арналған халықаралық еңбек стандарттарын әзірлеу. Бұл тек декларация деңгейінде қалмай, №190 немесе №102 Конвенцияларына ұқсас толыққанды нормативтік құжат болуы керек. Үшіншісі – кәсіподақтардың трансформациясын қолдау. Ол үшін Халықаралық еңбек ұйымынан Орталық Азиядағы кәсіподақтарға арналған цифрландыру және жаңа санаттағы жұмыскерлермен жұмыс істеуге бағытталған Аймақтық инновациялық орталықты Қазақстанда құру мүмкіндігін қарастыру сұралып отыр.

Кәсіподақтар федерациясы медиа орталығының хабарлауынша, сессияның пленарлық отырысында конференция қатысушылары Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбоның баяндамасын талқылады.

«Жұмыс орындары, құқықтар және өсім: өзара байланысты нығайту» атты дәстүрлі жыл сайынғы баяндамасында ХЕҰ Бас директоры жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге байланысты еңбек саласындағы өзекті мәселелерге: климаттың өзгеруі, жаңа технологиялардың енуі, экономикалық тұрақсыздық жайына тоқталды. Бұл мәселелерді тек әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары – үкімет, жұмысшылар мен жұмыс берушілер тең дәрежеде қатысатын әлеуметтік диалог арқылы шешуге болады.

«Тез өзгеріп жатқан әрі белгісіздікке толы қазіргі кезеңде әлеуметтік диалог – инклюзивті экономикалық өсімге, әділетті еңбек жағдайларын қалыптастыруға және жауапты институттар құруға бастайтын ең тиімді жол. Әлеуметтік әділеттілікке жету – әрбір адамның жеке, ұлттық және жаһандық деңгейдегі міндеті. Жаһандық тұрғыда серіктестік демократиялық құндылықтарға негізделуі керек», делінген ХЕҰ Бас директорының баяндамасында.